Хоккейден Қазақстан чемпионаты: Жартылай финалда кімдер ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты плей-офф сатысы жартылай финалына шыққан барлық команда анықталды.

хоккей
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қарағандылық «Сарыарқа» соңғы төртінші жолдамаға қол жеткізді. Олар Өзбекстанның «Хумо» клубын ойындар сериясында 4:2 есебімен қапы қалдырды.

Олардың қарсыласы - Көкшетаудың «Арланы». Көкшетаулық команда ширек финалда ойындар сериясында 4:1 есебімен Атыраудың «Бейбарысын» жеңіп кетті.

Жартылай финалдағы тағы бір жұпта Астананың «Номады» мен «Ақтөбе» кездеседі. Ойындар сериясында «Номад» Рудныйдың «Горнягын», «Ақтөбе» Өскеменнің «Торпедосын» 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Жартылай финал ойындары 14 және 15 наурыз күндеріне белгіленген.

Еске салсақ, бұдан бұрын 2026 жылғы Қысқы Олимпиадада хоккейден Қазақстан құрамасының іріктеу сатысындағы қарсыластары анықталды.

Қазақстандық хоккейшілер D тобында Словакия, Австрия және Венгриямен 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиадаға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Ойындар 2024 жылдың 29 тамыз және 1 қыркүйегі аралығында Словакия астанасы Братислава қаласында өткізіледі.