Хоккейден Президент кубогы: «Барыс» қытайлық клубтан басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогының екінші ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккейден Президент кубогы: «Барыс» қытайлық клубтан басым түсті

Елордалық «Барыс» екінші ойынын Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізді. Ойын барысында қазақстандық клубтың басымдығы байқалып тұрды.

Бірінші кезеңнің 5-минутында елордалық клубтан Мэтт Фрэттин есеп ашты. Одан кейін Кирилл Савицкий 32, Коди Куник 33, Никита Михайлис 34-минутта «Барыстың» басымдығын арттыра түсті.

Ал «Куньлунь Ред Стар» ойыншылары Паркер Фу 39, Грег Сквайрз 54-минуттарда гол соғып, есеп айырмасын қысқартқан еді.

Ойынның 56-минутында Роман Старченко қорытынды есепті белгіледі.

Нәтижесінде «Барыс» қарсыласынан 6:2 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, бүгін Қарағандының «Сарыарқасы» Өскеменнің «Торпедосын» 2:1 есебімен жеңді.

Алғашқы турда «Барыс» «Сарыарқаға», «Торпедо» «Куньлунь Ред Старға» 3:4 есебімен есе жіберген еді.

Айта кетейік, аталған турнир 15 тамызда мәресіне жетеді. Енді 14 тамызда «Барыс» пен «Торпедо», «Сарыарқа» мен «Куньлунь Ред Стар» командалары шеберлік байқасады.

Командалар іріктеу сатысында бір-бір ойыннан өткізеді. Одан кейін алғашқы екі орындағы ұжымдар жарыстың финалдық сатысына шықса, қалған екеуі үшінші орын үшін сайысқа түседі.