Хоккейден жастар арасындағы ӘЧ: Жартылай финалға кімдер шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Чехияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға жолдама алған командалар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккейден жастар арасындағы ӘЧ: Жартылай финалға кімдер шықты

Жартылай финалда Ресей мен Швеция, Канада мен Финляндия құрамалары өзара шеберлік байқасады. Бұл ойындар 4 қаңтар күні өткізіледі. Ал 4 қаңтарда жартылай финал өткізілсе, 3 орын иегері мен чемпион 5 қаңтарда анықталады. 2019 жылы Финляндия құрамасы алтыннан алқа таққан болатын.

Әлем чемпионаты 1977 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін 6 құрама чемпиондық атаққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Канада - 17, Ресей (КСРО мен ТМД-ны қоса есептегенде) - 13, Финляндия мен АҚШ - 4, Чехия (Чехословакияны қоса есептегенде) - 3, Швеция - 2 мәрте алтын медаль алды.

Қазақстан жастар құрамасы биыл әлем чемпионатында А тобында төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Швейцариядан 3:5 есебімен жеңілген қазақстандық хоккейшілер одан кейін Словакиядан 1:3, Финляндиядан 1:7 , Швециядан 2:6 есебімен жол берді. 2 қаңтарда жұбаныш кезеңіндегі алғашқы ойынында Қазақстан жастары Германиядан 0:4 есебімен жеңілді.

Енді олар 4 қаңтарда аталмыш қарсыласын жеңуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қазақстандық жастар жоғары дивизионнан түсіп қалады.