Хорватияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны жеті адамға жетті

ЗАГРЕБ. ҚазАқпарат – Хорватияда болған күшті жер сілкінісі салдарынан қаза болғандардың саны өсіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Хорватияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны жеті адамға жетті

Соңғы мәліметтер бойынша, зілзала салдарынан кем дегенде жеті адам қаза тапты. Жерасты дүмпулердің магнитудасы 6,3 болды. Оның ошағы ел астанасы Загреб қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 46 шақырым жерде орналасқан, Тереңдігі 5 шақырым болды.

Жер сілкінісінен ең көп зардап шеккендер Глина қаласының маңынан табылған, мұндағы ғимараттардың шамамен 90 пайызы қирады. Сондай-ақ, Петриня мен Сисак қалалары айтарлықтай зардап шеккен. Ондаған адам ауруханаға жеткізіліп, көбі із-түзсіз жоғалды.

Жер сілкінісін барлық көрші елдердің тұрғындары да сезінді. Словенияның «Кршко» АЭС-ның жұмысы уақытша тоқтатылған.

Еуроодақ билігі Хорватия халқына барлық қажетті көмек көрсетуді уәде етті. Алдағы уақытта елге ЕО-ның арнайы елшісі келеді.

Қираған елді мекендердің көптеген тұрғындары далада палаткаларда түнеуге тура келіп отыр. Хорватияда барлық шұғыл қызметтер мен әскер жұмылдырылған.