Хостелдегі өрт: Қаза тапқандардың тоғызы – қазақстандық, қалғаны шетелдіктер

Алматы қалалық Полиция департаменті хостелдегі өрт салдарынан қаза тапқандардың қай ел азаматтары екенін нақтылады, деп хабарлайды Kazinform.

хостел
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Мерт болған 13 адамның төртеуі — шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы — Қазақстан Республикасының азаматтары. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», — деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске салайық, Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33–те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жетті.

Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды.

Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.

Соңғы жаңалықтар