Хун Бин: Silk Way Star жобасы мәдениеттердің тоғысу алаңына айналды
АСТАНА.KAZINFORM - Қытай мемлекеттік бірінші санатты. танымал композитор, музыкалық продюсер, Silk Way Star халықаралық тележобасының төрешісі Хун Бин Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, жоба туралы пікірімен бөлісті.
Хун Бинның айтуынша, Silk Way Star жобасы жай ғана ән байқауы емес, сонымен бірге бұл мәдени алмасу, мәдени тоғысу алаңы.
- Бұл жерде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен таныстық көбірек көрініс тапты. Шын мәнінде, бұл өте маңызды. Себебі егер бұл тек ән айту ғана болса, онда бұл өте біржақты болар еді. Ал егер оған ұлттың элементтері қосылса, бір-бірінің мәдениетін, өмір салтын түсінсе, меніңше, бұл әлдеқайда мағыналы, - деді ол.
Сонымен қатар, композитор жобаның ерекшелігі туралы өз ойын айтты.
- Меніңше, бұл бағдарлама өте жақсы жасалған және өте мұқият ойластырылған. Әр шығарылымда түрлі этникалық элементтер енгізілген – бұл да жобаның ерекше тұсы. Оның үстіне бүкіл процестің құрылымы Eurovision сияқты, бірақ меніңше, бұл одан да бір саты алға шыққан. Себебі Eurovision – үлкен сахнада өтеді, ал бұл бағдарламада көрерменмен өзара әрекеттесу көбірек, - деді Хун Бин.
Айта кетейік, осы уақытта Jibek Joly телеарнасынан Азияның алғашқы вокалдық мегажобасы — Silk Way Star-дың финалдық шоуы трансляциясы өтіп жатыр. Жоба көрсетілімі шамамен 1 млрд адамды қамтиды.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Silk Way Star халықаралық жобасының қатысушыларын құттықтады.