Хусейн Озхан: Қазақстан үшін көміртегі бейтараптығы – арман емес, ақиқат

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстандағы директоры Хусейн Озхан Астана халықаралық форумы аясында Jibek Joly телеарнасы студиясында қонақ болды. Сұхбат барысында ол және тележүргізуші Күнсая Құрмет ЕҚДБ жүргізген «Орта дәліз» зерттеуі, Қазақстан экономикасын көміртексіздендіру және Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен бейтарап болуы мүмкіндігі жайлы әңгімелесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Видеодан алынған кадр

Сұхбат барысында Хусейн Озхан ЕҚДБ Қазақстандағы 310-нан астам жобаға 10 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салғанын атап өтті.

«Бұл жобалар әрбір саланы, бірақ негізінен инфрақұрылымды, энергетиканы, әсіресе соңғы жылдары қаржы секторын, өндіріс пен қызметтерді, табиғи ресурстарды, тау-кен өнеркәсібін қамтиды. Осылайша инвестиция жұмыстың кең ауқымын қамтыды. Елдің барлық өңірінде инвестиция бар екенін ризашылықпен атап өткім келеді. Мен үшін бұл қуаныш. Өйткені саяхаттаған кезімде жобалардың бүкіл Қазақстан бойынша іске асып жатқанын көремін. Мұны көру және ел дамуының бір бөлігі болу - нағыз ләззат», - деп атап өтті ол.

«Орта дәліз» бастамасына қатысты сұраққа жауап берген ол «Орта дәліз» немесе Транскаспий бағыты, әсіресе соңғы жылдары қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, үлкен маңызға ие болғанын атап өтті.

«Біз өткен жылы Еуропалық Одақ қаржыландыратын, бірақ ЕҚДБ жүргізген үлкен зерттеу жасадық», - деді Хусейн Озхан.

Қазақстандағы ЕҚДБ директоры Орталық Азияның барлық елін қамтитын ең тиімді бағыт ретінде Қорғастан шығатын, одан әрі Қазақстанда Алматы, Шымкент арқылы өтетін, Ташкентке кіріп, одан кейін қайтадан Қазақстандағы Ақтау арқылы Каспий теңізінен Бакуге дейін кесіп өтетін және Бакуден Грузияға баратын, әрі қарай Еуропаға шығу үшін Қара теңізге және Түркияға жететін жолды атады.

«Бұл барынша экономикалық инклюзивті әрі ең тиімді бағыт саналады», - деді ол.

Оның пайымынша, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтарап ел бола алады деп есептейді. Бірақ ол оңайға соқпайды.

«Бұл өршіл мақсат. Бірақ бұл мүмкін емес дегенді білдірмейді. Мүмкін бұл ақылға қонымды да шығар. Біз тек жаңартылатын энергия туралы ғана емес, сонымен қатар энергия тиімділігі, барлық секторда энергия тиімділігін арттыру туралы айтып отырмыз. Жаңартылатын энергия маңызды компонент болып саналғанымен жалғыз емес. Энергия өндірісін ұлғайтумен қатар, электр энергиясын өндірудің құрамы, сайып келгенде, көмірден электр энергиясын өндіруді азайту маңызды саналады. Бірақ бізде экологиялық таза технологияға ауыса алатын өндіріс орындары да бар. Сондай-ақ, Самұрық-Қазына сияқты көптеген компаниялардың көміртексіздендіруге қатысты өзіндік стратегиялары әзірленген. Сонымен қатар біз қалалармен де жұмыс істейміз. Қазақстанда «жасыл қалалар бағдарламасына қосылған төрт жасыл қала бар. Олар – Алматы, Шымкент, Семей және Өскемен. Осы күш-жігердің барлығын жүйелі түрде біріктіргенде көміртекті бейтараптық арман емес, ақиқат. 2060 жылы көміртегі бейтарап Қазақстанды көреміз деп сенемін»,-деді ол.


Соңғы жаңалықтар