Хуситтер Сауд Арабиясының әуежайларына тағы да шабуылдар жасайтынын ескертті
АСТАНА. KAZINFORM — Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясымен арадағы қақтығыстың ушығуына байланысты әуе компаниялары мен жолаушыларға тағы да ескерту жасады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
11 қазанда, жексенбі күні, Йемендегі хуситтер қозғалысы әуе компанияларын, жолаушыларды және әуежай қызметкерлерін Сауд Арабиясының әуежайлары мен әуе кеңістігін пайдаланудан бас тартуға үндеді.
Бұл ескерту Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан бір күн өткен соң жасалды. Шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жарақат алған.
Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари Сауд Арабиясының әуежайлары мен әуе кеңістігі қозғалыс тобының әскери операциялары жүргізілетін аймақ болып қала беретінін мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, бұл ескерту Мекке мен Мәдина қалаларындағы әуежайларға қатысты емес.
— Біз баршаңызды ескертулерімізге байыппен қарауға үндейміз. Зымырандарды ұстап қалу әрекеті сәтсіз аяқталса, оның салдарына Сауд Арабиясы жауап береді, — делінген X әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемеде.
القوات المسلحة اليمنية تجدد تحذيرها لكل الشركات الملاحية الجوية والخبراء والموظفين والعاملين والمسافرين من استخدام المطارات والأجواء السعودية لأنها معرضة للاستهداف ومسرحا للعمليات من قبل قواتنا باستثناء مطاري مكة المكرمة والمدينة المنورة. وتهيب بالجميع لأخذ تحذيراتنا على محمل الجد وتتحمل السعودية مسؤولية أي اعتراضات فاشلة. وتؤكد القوات المسلحة أنها ماضية في تثبيت المعادلات المعلنة معادلة المطار بالمطار والحصار بالحصار والتصعيد بالتصعيد حتى تحقيق أهدافها.
— العميد/ يحيى سريع (@Yah_Saree) October 11, 2026
Сари топ көздеген мақсатына жеткенге дейін қарсы тараптың әрекеттеріне дәл сондай жауап беретінін айтып, «әуежайға — әуежаймен, қоршауға — қоршаумен, шиеленіске — шиеленіспен» деген ұстанымды жалғастыратынын мәлімдеді.
10 қазандағы шабуылдан қаза тапқандардың арасында Сауд Арабиясының төрт азаматы, Бангладештің екі азаматы және АҚШ, Иордания, Палестина, Сирия, Судан мен Мысырдың бір-бір азаматы бар. Сауд Арабиясы билігінің мәліметінше, бұл — бір апта ішінде Эр-Рияд әуежайына жасалған үшінші шабуыл.
A third attack this week on King Khalid International Airport in Saudi Arabia’s capital has injured several people, according to the country’s Civil Aviation Authority. Video showed damage inside the building. https://t.co/9FMzfEpqck
— Al Jazeera English (@AJEnglish) October 10, 2026
БАҚ-тың хабарлауынша, бұл шабуыл Сауд Арабиясында кейінгі он жылдан астам уақыт ішіндегі осындай сипаттағы ең көп адам қаза тапқан оқиға болған.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация бас басқармасы келтірілген шығынды бағалау және қауіпсіздікті тексеру аяқталғанға дейін әуежай жұмысы уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Әуе қатынасының қашан қайта жанданатыны әзірше айтылған жоқ.
Хуситтерге қарасты Йеменнің сыртқы істер ведомствосы Сауд Арабиясы Йеменге әскери араласуын тоқтатпаса, бұдан да қатаң жауап берілетінін мәлімдеді.
— Егер Сауд Арабиясы Йеменге қарсы агрессиясы мен араласуын тоқтатпаса, алда бұдан да ауыр жағдайлар болуы мүмкін, — делінген Йеменнің Al Masirah телеарнасы таратқан мәлімдемеде.
Кейінгі апталарда Сауд Арабиясы хуситтерге қарсы соққыларын күшейтіп, Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметінің қарсы шабуылын қолдады.
Әскери операция қыркүйек айында хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы стратегиялық аумақтарды басып алғаннан кейін басталған. 10 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның хуситтерге қарсы Сауд Арабиясы жүргізіп жатқан соққыларға қосылу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Эр-Рияд бастаған коалиция 10 қазанда Даммамдағы Король Фахд атындағы халықаралық әуежай маңына снаряд құлағанын, ал келесі күні Шығыс провинциясында ұшқышсыз ұшу аппаратының ұсталғанын хабарлады.
Бұған дейінгі шабуыл 9 қазанда жасалған. Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, сол кезде хуситтердің соққысы салдарынан үш адам, оның ішінде жолаушылар ұшағының ұшқышы қаза тапқан.
Одан бұрын Эр-Рияд пен Абха әуежайларына жасалған шабуылдардан тағы үш адам көз жұмған.
Бұған дейін хуситтердің Эр-Рияд әуежайына жасаған шабуылынан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатқаны хабарланғанбыз. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ.