Hyperloop сынақтан сәтті өтті: ұшақтан жылдам пойыз шындыққа айналуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Берлин — Мюнхен бағыты бойынша жолаушылар ұшағы шамамен 1 сағат 15 минутта ұшады. Ал Hyperloop пойызымен бұл жолды теориялық тұрғыдан 45 минутта еңсеруге болады, деп хабарлайды BILD.

Нидерландтық инженерлер құбыр арқылы аса жылдам сапар жасау идеясын жүзеге асыруға маңызды қадам жасады. Вендам қаласындағы European Hyperloop Center орталығында сынақ капсуласы 85 км/сағ жылдамдыққа жетіп, алғаш рет жол ауыстыруды сәтті орындады.
— Бұл Hyperloop-тың әрі қарай дамуы үшін маңызды кезең, — дейді Hardt Hyperloop стартапының тең құрылтайшысы Тим Хаутер.
Бір жыл бұрынғы сынақтарда небәрі 30 км/сағ шамасында ғана жылдамдыққа қол жеткізілген еді. Әзірлеушілердің пікірінше, құбырдың ұзын учаскелерінде капсула бір күні 700 км/сағ жылдамдыққа дейін жетуі мүмкін.
Hyperloop-тың жұмыс принципі қарапайым: капсулалар дерлік вакуумдық құбырларда сырғиды, сондықтан үйкеліс пен ауа кедергісі барынша азаяды. Оны электрқозғалтқыш ілгерілетеді. Бұл — өте жылдам ғана емес, сонымен бірге үнсіз, энергияны үнемдейтін әрі экологиялық таза көлік түрі.
— Біздің мақсатымыз — қысқа әуе сапарларын қажетсіз ету, — деді Хаутер.
Әзірлеушілер Hyperloop-тың ең үлкен әлеуетін Еуропада көріп отыр: бірнеше жүз шақырымдық қашықтық, халқы тығыз орналасқан өңірлер, ірі әуежайлар — дәл осы жерлерде құбыр пойызының артықшылығы айқын байқалады.
Алайда технология күрделі, шығын көп, ал халық тығыз қоныстанған аудандарда құрылысқа рұқсат алу оңай емес. Соған қарамастан, Германия мен Италияда пилоттық бағыттарды құру жоспары бар.
Вендамда сынақ үшін ұзындығы 420 метрлік құбыр салынған. Сынақтағы ең басты жетістік — капсуланың жол ауыстыруды сәтті орындауы. Бұл мүмкіндік толыққанды еуропалық желі құру үшін шешуші рөл атқарады.
Біз Hyperloop-тың енді қиял емес екенін көрсеттік. Бұл салуға болатын технология, — деді Хаутер.
Айта кетелік Бейжіңде 12-ші Дүниежүзілік жоғары жылдамдықты теміржол конференциясы өтіп, ол жерде сағатына жылдамдығы 600 шақырымдық пойыз көрсетілген еді.