Hyundai АҚШ-қа $21 млрд инвестиция салмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Hyundai компаниясы тарифтерден жалтару және Трамптың 2 сәуірде енгізетін баж салығынан құтылу мақсатында инвестиция жасауға шешім қабылдады.

Hyundai
Фото: hyundaiusa.com

Оңтүстіккореялық Hyundai конгломераты АҚШ-қа $21 млрд көлемінде инвестиция салатынын мәлімдеді. Бұл қаражаттың бір бөлігі Луизиана штатында $5,8 млрд тұратын болат құю зауытын салуға бағытталмақ.

NBC News мәліметінше, зауытта 1400-ден астам жұмыс орны ашылады. Онда өндірілетін жаңа буын болаты Hyundai-дың АҚШ-тағы екі автозауытында электромобиль жасауға пайдаланылады.

Инвестиция туралы дүйсенбі күні Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп, Hyundai төрағасы Ыйсун Чунг және Луизиана губернаторы Джефф Лэндри бірлесіп мәлімдеді.

Hyundai Motor компаниясының бас директоры Хосе Муньостің сөзінше, тарифтерге төтеп берудің ең тиімді жолы – жергілікті өндірісті ұлғайту.

Hyundai – АҚШ-тағы электромобильдер сатылымы бойынша көшбасшылардың бірі және тікелей Tesla-мен бәсекеге түседі. Компанияның Алабама және Джорджия штаттарында екі ірі автозауыты бар.

Оңтүстік Корея – АҚШ-тың сауда тапшылығы бар елдерінің бірі. Наурыз айының басында Трамп Сеулдің америкалық тауарларға жоғары салық салатынын айтып, Оңтүстік Кореяның тарифтері АҚШ тарифтерінен төрт есе жоғары екенін мәлімдеген.

Бұған дейін SoftBank АҚШ-қа келесі төрт жылда $100 млрд инвестиция салатынын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар