Hyundai Motor жұмысшыларының ереуілі зауыттағы өндірісті тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Hyundai Motor кәсіподағы басшылықпен жалақыны көтеру жөнінде келісімге келе алмаған соң ауқымды ереуіл бастады. Бұл – компания қызметкерлерінің соңғы 10 жылдағы алғашқы сегіз сағаттық ереуілі, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.
Ереуілге кәсіподақтың 39 мыңға жуық мүшесі қатысып жатыр. Hyundai Motor-дың Ульсан, Чонджу және Асан қалаларындағы зауыттарының өндірістік желілері екі ауысымда жалпы 16 сағатқа тоқтатылды.
Кәсіподақ пен компания басшылығы арасындағы жалақы жөніндегі келіссөздер мамыр айынан бері жалғасып келеді. Жұма күнгі акцияны қоса есептегенде, жұмысшылар жалпы 60 сағат ереуіл өткізген.
Сала мамандарының бағалауынша, наразылық шаралары жалғаса берсе, өндірістегі шығын шамамен 55,2 мың автокөлікке жетуі мүмкін. Ал сатылымнан түспей қалған кіріс қазірдің өзінде 2,3 трлн воннан (1,64 млрд доллар) асқан.
Кәсіподақ дүйсенбі және сейсенбі күндері тағы төрт сағаттық ереуілдер өткізуді жоспарлап отыр. Жұмысшылар жалақыны көтеруді, жұмыс нәтижесіне байланысты сыйақы төлеуді, жұмыстан шығарылған кәсіподақ мүшелерін қайта қабылдауды және зейнетке шығу жасын ұзартуды талап етеді.
Ереуіл Hyundai Motor-дың еншілес компаниясы Kia-ға да әсер етуі мүмкін. Kia кәсіподағы да басшылықпен жалақы мәселесінде келісімге келе алмаған соң, сәрсенбіден жұмаға дейін ішінара ереуіл өткізу жоспарын мақұлдады.
Kia қызметкерлері базалық жалақыны көтеруді және компанияның былтырғы операциялық пайдасының 30%-ы көлемінде сыйақы төлеуді талап етіп отыр. Егер жоспарланған акциялар өтсе, бұл Kia-дағы соңғы алты жылдағы алғашқы ереуіл болмақ.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның Samsung Electronics компаниясының кәсіподағы 55 жылда алғаш рет ереуіл өткізген.
Айта кетейік, Нью-Йорк теміржолындағы ереуіл 300 000 жолаушы қозғалысын тоқтатты.