И.Әбдікәрімовтің өмір жолы мен қызметіне арналған танымдық конференция өтті
![None None](/static/img/plug.webp)
Қасиетті Қаратау қойнауында туып, Ұлы Отан соғысының отты жолдарынан өткен Исатай Әбдікәрімов майданнан кейін ел тұрмысын түзеуге атсалысты. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандық партия комитеттерінде қызмет етіп шаруашылықтың сан саласында жүріп шыңдалды. 1962 жылдың соңында Жалағаш пен Қармақшы аудандары қосылып, оны Исатай Әбдікәрімов басқарды. Мұнан соң облыстық партия комитетін, кейін Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып тағайындалды. Қай қызметте болмасын қоғам қайраткері жемісті еңбек етті.
- Ол ел экономикасының қалыптасуына, халықтың мәдени-рухани өміріне өлшеусіз еңбек сіңірді, соңына лайықты із қалдырды. Осыған дейін облыс орталығындағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі - аграрлық-техникалық колледж Исатай Әбдікәрімов есімін иеленсе, ертең туған жеріндегі мектепке қайраткер тұлғаның аты беріледі, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Мұнан соң қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің өмір жолы мен қызметі жайлы тың деректер бойынша тарихи құнды деректі фильм көрсетілді. Қоғам және мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, мемлекет және қоғам қайраткері Оңалбек Сәпиұлы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, академик Уәлихан Бишімбаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты, саясаттану ғылымының докторы Мұрат Бақтиярұлы Исатай Әбдікәрімовтың өмір жолы мен қызметі турасында баяндамалар жасады.