І.Есенберлиннің тарихи романдары Кеңес Одағы кезінде халқымыздың тарихи санасының оянуына өлшеусіз үлес қосты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - І.Есенберлиннің тарихи романдары Кеңес Одағы кезінде халқымыздың тарихи санасының оянуына өлшеусіз үлес қосты. Мұндай пікірді бүгін Халықаралық Түркі Академиясының ұйымдастыруымен белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай өткізіліп жатқан «Көркем шығармадағы тарихи шындық» атты отырыста академик Сейіт Қасқабасов білдірді.

«Қазақ қаламгерлері арасында ұлт тарихына қатысты алғаш болып кесек туындылар жазған І. Есенберлин Кеңес Одағы кезінде халқымыздың тарихи санасының оянуына өлшеусіз үлес қосты. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тарихи романдардан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы елдің төл тарихына деген қызығушылығын арттырды», - деп атап өтті ғалым.

Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша, шара сонымен қатар Елбасының тапсырмасымен биыл кең көлемде аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай келіп отыр. Алқалы жиынға Н. Айтұлы, Қ. Мұхамедқалиев, С. Қасқабасов, Қ. Салғараұлы сынды Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, қаламгерлер, ғалымдар, ҚР Парламентінің депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері және жазушының немересі Мағжан Есенберлин қатысты.

Айта кетейік, І. Есенберлиннің қаламынан туған Алаш жұртының 700 жылдық тарихын суреттейтін «Алтын Орда», «Көшпенділер» секілді сүйекті шығармаларында ұлы дала мәдениеті, Қазақ хандығы туралы мол мағлұмат қамтылған. Жазушының 17 романы мен көптеген шығармалары әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған.

Соңғы жаңалықтар
telegram