И.Меркель әлемдік әріптестермен келіссөздер жүргізді

Форумда әлемнің 20-дан астам елдерінің жоғары қадағалау органдарының басшылары, сондай-ақ халықаралық, үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдардың және ғылыми ортаның өкілдері бас қосты. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомство ақпаратына сәйкес, халықаралық шараның ашылу рәсімінде Куба, Венесуэла, Боливия және Эквадордың бас прокурорлары сөз сөйледі. Форумда адам саудасы, сыбайлас жемқорлық пен ақшаның жылыстауы, алаяқтық пен салық төлеуден жалтаруға байланысты қылмыстар, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған кірістер мен активтерді қайтаруға қарсы тұрудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланды. Қадағалаушы органдардың басшылары трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күрестегі ынтымақтастықты нығайту және үйлестірілген саясат жүргізуге ниет білдірді.
Қатысушылардың ортақ пікірінше, күн тәртібінің өзектілігі халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті, адам құқықтарының кепілдігін қамтамасыз ету, қоғам және мемлекеттің мүдделерін қорғау бойынша күш-жігерді жұмылдыру жөніндегі барлық елдерге ортақ стратегиялық міндеттерден туындағын.
«Конференция аясында И.Меркель Венесуэла мен Эквадордың бас прокурорларымен, сонымен қатар Қытай мен Ресей бас прокурорларының орынбасарларымен келіссөздер жүргізді. Кубаның Бас прокурорымен кездесуінде тараптар халықаралық ұйымдасқан қылмыспен, есірткі саудасы, экстремизммен және терроризммен күрес аясындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, шарттық-құқықтық базаны, ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейту мен күшейту және жедел ақпаратпен алмасу мәселелері қозғалды», - делінген хабарламада.