І тоқсанда өнеркәсіптің бірқатар саласында өндіріс көлемі артты - Pm.kz сайты

2012 жылдың І тоқсанындағы жағдайға сәйкес, машина құрастыру, химия, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі артты. Бұл туралы Pm.kz сайтында хабарланды.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2012 жылдың І тоқсанында машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 125 054 млн. теңгені (жеке көлем индексі - 120,1%) құраған. Ал еңбек өнімділігі болса бір адамға 3,7 мың АҚШ долларынан келген.
Сонымен қатар, қаңтар-наурыз айларында химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 43 664 млн. теңгені құраған. 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке көлем индексі 111,7 пайызды құрады. Бұл саланың өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі үлесі І тоқсанда 0,9 пайыздан 1,1 пайызға дейін, өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі 3,1 пайыздан 4 пайызға өсті. Айта кетерлігі, фармацевтикалық өнімдердің отандық өндірістегі үлесі 12,5 пайызды құраған. Ал фармацевтикалық салада өндірілген өнім бағасы 21,8 млрд. теңгені, жеке көлем индексі 94,7 пайызды құрады. Қазіргі таңда фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған Қазақстанның Индустрияландыру картасына 27 жоба енгізілген. 2010-2014 жылдарға арналған Индустрияландыру картасының 10 жобасы 2010-2011 жылдары жүзеге асырылған, қалған 17 жоба 2014 жылға дейін жүзеге асырылып бітеді.
Жалпы алғанда 2012 жылдың І тоқсанында жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 10085 млн. теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10,9 пайызға артқан.