І жартыжылдықта 3 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді

АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда Тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.
None
None

Оның аясында жыл сайын 6 млн. шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында республика бойынша 3 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілді, деп хабарлады pm.kz сайты.

Бұл бағдарлама Елбасы Н.Назарбаевтың  «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының XIII съезінде берген тапсырмасы бойынша іске асырылуда және бұған дейінгі мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының заңды жалғасы болып табылады.

Құрылыс және  ТКШ істері жөніндегі агенттіктің ақпараты бойынша, 2012 жылдың қаңтар-маусым айларында республикада жалпы ауданы 3037,1 мың шаршы метрдің тұрғын үйлері  пайдалануға берілді, бұл 2011 жылдың сәйкес  кезегіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 114,3 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 50 пайызы.

Айта кету керек,  мемлекеттік меншіктегі ұйымдар І жартыжылдықта  306,6 мың шаршы метр баспананы  пайдалануға берді. Ал жекеменшік ұйымдар мен  тұрғындар жалпы ауданы 2555,1  шаршы метрдің  тұрғын  үйлерін тұрғызды. Оның ішінде, халықтың қаражатына 1541,4 мың шаршы метр баспана салынып отыр, бұл республика бойынша іске қосылған баспананың 50,7 пайызы.

Ал жалға берілетін баспаналарға  тоқталар болсақ,  жарты жылда  жалпы ауданы 32 мың  шаршы метрдің   тұрғын үйлері іске қосылды  және  25,4  мың шаршы метрдің  пәтерлері  сатып алынды.

Сондай-ақ 2012 жылдың  1 шілдесіндегі  жағдай бойынша,  «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  3552 заемшыға жалпы сомасы 12,4 млрд. теңгеден астам соманың  тұрғын үй,  аралық және алдын ала  тұрғын үй заемдарын берді, оның ішінде  Мемлекеттік бағдарламаның аясында - 1302 заемшыға немесе барлық заемшылардың 36,6 пайызына жалпы сомасы 4,2 млрд. теңгенің  несиесі берілді.

Айта кету керек,  бұған қоса ағымдағы жылы Үкімет Елбасының тапсырмасы бойынша  «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын қолға алып отыр. Бұл бағдарламаның мақсаты индустриялық  әдістерді,  оның ішінде ірі панельді үй құрылысы әдістерін  пайдалана отырып  Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының көлемін  қазіргі 6 млн. шаршы метрден 10 млн. шаршы метрге  арттыру болып табылады. 

 

 

Соңғы жаңалықтар