Ибрахим Раиси туралы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM — Жексенбі күні Иран президенті Ибрахим Раиси мен сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахян және тағы басқа ресми тұлғалар мінген тікұшақ апатқа ұшырады. Жалпы Иран президенті туралы не белгілі — Kazinform тілшісінің материалында.

Эбрахим Раиси
Фото: Иран президентінің офисі

Ибрахим Раиси 1960 жылы Иранның солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы саналатын діни қызметкердің отбасында дүниеге келген.

Бес жасында әкесінен айырылған Раиси бала кезінен медреседе білім алып, 15 жасында Кум қаласындағы теологиялық семинарияға түсті. Кейін заңгер мамандығын оқып, жеке құқық мамандығы бойынша докторлық дәрежесін алды.

Раиси 1979 жылғы халық толқынысын тудырған Ислам революциясына белсенді қатысып, аятолла Хомейнидің билікке келуімен қатар жүрді. Раиси монархияны құлатуды және Ислам революциясының келуін белсене қолдады.

Эбрахим Раиси
Фото: khabarfoori.com

1980 жылдары Иранның әртүрлі аймақтарында прокурор болып жұмыс істеп, Ислам революциясының қарсыластарына қарсы сот процестеріне қарсы шығып, жетекшілік етті. Заң саласындағы мансабын жалғастырып 1989 жылы болашақ президент Тегеран прокуроры қызметіне тағайындалды, ал 2004 жылы Жоғарғы сот төрағасының орынбасары болды.

2014 жылы Раиси Иранның бас прокуроры қызметіне кірісті. Біраз уақыттан кейін бұл лауазымын тастап, дүние жүзіндегі шииттерге көмектесетін исламдық қайырымдылық ұйымдарында жұмыс істеуге бел буды. 2016 жылы Ирандағы ең ірі «Астане Кодсе Разави» діни қорын басқарды.

2017 жылы Иран президенттігіне үміткер болды, бірақ президент Хасан Роуханиден жеңіліп қалды.

АҚШ оны 1988 жылы Иран-Ирак соғысы аяқталған кезде тұтқындарды жаппай өлтіруге қатысы бар деп айыптап, санкция салды.

2019 жылы АҚШ қазынашылығы Раисиге «қылмыс кезінде кәмелетке толмағандардың өлім жазасына кесілуін, сондай-ақ азаптаулар мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер немесе Ирандағы тұтқындарды жазалау, соның ішінде ампутациялау әрекеттерін әкімшілік қадағалауы үшін» санкция берді.

Эбрахим Раиси
Фото: Wikimedia

2021 жылғы президент сайлауында 61 жаста болған Раиси консервативті топтардың қолдауымен және 62% дауыспен жеңіске жетті.

Иранның басқару жүйесі рухани мекеме мен үкіметтен тұрады. Негізгі билік рухани көшбасшыға немесе өмір бойы өз міндеттерін орындайтын жетекшіге тиесілі. Әли Хаменеи бұл қызметті 1989 жылдан бері атқарып келеді.

Иран президенті мемлекеттік иерархияда рухани басшыдан кейінгі келесі деңгейге ие. Ол қатарынан екі мерзімнен аспайтын төрт жылдық мерзімге тікелей сайланады.

Президенттің міндеттеріне өкілдік функцияларды орындау және премьер-министрдің міндеттерін орындау, халықаралық келісімдерге қол қою, республиканың мемлекеттік жоспарлауы мен бюджетін басқару кіреді.

Иранның рухани жетекшісі аятолла Хаменеи мен Раиси екеуі де Мешхед қаласынан шыққан. Президенттің сайлауға кандидаттарды іріктеу кезіндегі ұстанымы Әли Хаменеи бақылайтын Иран Конституциясының Сақшылар кеңесінің мақұлдауымен жүзеге асады.

Саясаттанушылар мен сарапшылар Раисиді оның саяси ұстанымын қолдайтын 85 жастағы тәлімгері Әли Хаменеидің мұрагері болуға лайықты үміткер ретінде қарастырады.

Ибрахим Раисидің әйелі Мешхедтің белгілі имамының қызы Жәмила Аламолход. Президенттің әйелі Тегеран Бехешти университетінің доценті, сондай-ақ Ғылым мен технологиядағы іргелі зерттеулер институтының төрағасы. Ерлі-зайыптының екі қызы мен екі немересі бар.