ICAO Қазақстанға Азаматтық авиацияны дамытудың бас жоспарын әзірлеуге көмектеседі – Сальваторе Шаккитано
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитаноның Астанаға келгенін пайдаланып, Қазақстанның авиация саласы қалай дамып келе жатқаны туралы сұхбат құрудың сәті түсті.

– Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейі ICAO стандарттарына сай деп айтуға бола ма?
– Ең әуелі айтарым, Қазақстан соңғы жылдары авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін сақтау бағытында зор жетістікке жетті. Тек стандарттарды орындап қана қоймай, оларды тиімді түрде жүзеге асыра алатын жүйе қалыптастыра алдыңыздар.
Кейінгі 5-6 жылда азаматтық авиация саласында ауқымды реформалар жүргізілді. Жаңа саясат қабылданып, құрылымдар қайта үйлестіруден өтті, көптеген жас маман мен кәсіби кадр тартылды. Халықаралық стандарттардың сапалы енуіне, ең әуелі осы мамандар елеулі үлес қосып жатыр.
Дәл қазір Қазақстаның авиациялық қауіпсіздік талаптарын орындау деңгейі жоғары бағаланып отыр. Тексеріс нәтижелері елдің көрсеткіштері жаһандық орташа деңгейден жоғары екенін көрсетеді. Бұл, сөзсіз, зор жетістік. Әрине, даму мен жетілу үздіксіз болу керек.
– Бұл әлеует Қазақстанның тек өңірлік емес, жаһандық әуе хабына айналу туралы мақсатын орындауға жеткілікті ме?
– Авиация – табиғатынан жаһандық сала. Әуе қатынасы – халықаралық өзара байланыс құралы. Мұнда, ең алдымен сенімді инфрақұрылым қажет. Сонымен қатар нарықты ырықтандырып, әуе тасымалын қол жетерліктей ететін мемлекеттік бастамалар маңызды.
Қазақстан «ашық аспан» саясатын жүргізіп келеді. Бұл шетелдік әуе компанияларының ішкі нарыққа оңай енуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар елдің ұлттық тасымалдаушысы да тұрақты өсіп, сенімді дамып келеді.
Географиялық тұрғыдан қарасақ, Қазақстан Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағының ортасында жатыр. Бұл әуе қатынастарын кеңейтуде көп артықшылық береді. Сондықтан Қазақстанның аймақтық қана емес, жаһандық авиацияда да маңызды рөл атқаруына барлық алғышарт бар.
Ендігі маңызды қадам – халықаралық стандарттардан таймай, инфрақұрылымды дамыту және авиация мамандарының жаңа буынын даярлау.
– Маман даярлау ісінде ICAO қандай көмек бере алады? Қазақстан жастары ұйымда жұмыс істеу үшін қандай талаптарға сай болу керек?
– Қазір әлемде жыл сайын шамамен 4,6 миллиард адам әуе көлігінің қызметін пайдаланады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 12,6 миллиардқа жетуі мүмкін, яғни үш есе артады. Осы өсімді қамтамасыз ету үшін салаға жаңа мамандар тарту қажет.
Бұрын авиация жастар үшін тартымды сала болып саналса, қазір олардың салаға қызығушылығын арттыру үшін арнайы күш салу керек. Сол себепті, ICAO «Келер буынның авиация мамандары» (Next Generation Aviation Professionals) бағдарламасын іске асырып жатыр.
Бағдарлама жас буынмен тіпті мектеп кезінен бастап жұмыс істеуге бағытталған. Келесі айда Оңтүстік Африкада осы бағдарламаға арналған жаһандық саммит өтеді. Сол жерде іс-қимыл жоспары жасалып, биылғы қыркүйек немесе қазанда өтетін ICAO Ассамблеясына ұсынылады.
ICAO құрамына кірудің бірнеше жолы бар. Ұйым жариялайтын бос орындарға кез келген адам өтініш бере алады. Бұдан бөлек, Қазақстанның азаматтық авиация органдары арқылы да ұйымға қатысуға мүмкіндік бар. Осылайша тағлымдама, іссапар немесе уақытша жұмыс арқылы Монреальдағы штаб-пәтерде немесе Париждегі аймақтық кеңседе халықаралық тәжірибе жинақтауға болады.
–Астанаға осы жолғы сапарыңыздың қорытындысы көңіліңізден шығып жатыр ма?
– Көлік министрімен кездесу аясында Қазақстанның азаматтық авиация саласына арналған бас жоспар жобасын әзірлеу туралы келісімге қол қойдық. Бұл – ICAO мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың нақты әрі жемісті нәтижесі.
ICAO мен Қазақстан арасында байланыс аймақтық деңгейде – Париждегі кеңсе арқылы, ал жаһандық деңгейде – Монреальдағы штаб-пәтер арқылы жолға қойылған. Қазірдің өзінде бірқатар бірлескен бағдарлама жүзеге асып жатыр. Жақында ғана Қазақстан Монреальда ICAO жанынан тұрақты өкілдігін ашты.
Бүгінде екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге берік негіз қаланды. Қазақстан басшылығының жоғары деңгейдегі ықыласын ескерсек, біз бұл әріптестіктің әлеуеті зор екенін көріп отырмыз. Ел Президентімен, Премьер-Министрімен және Көлік министрімен кездесу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын. Бұл кездесулер Қазақстанның ынтымақтастыққа шынайы ниетті екенін көрсетті.
Өз тарапымнан ICAO-ның Қазақстанға азаматтық авиацияны дамытуда жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін тағы бір мәрте растадым.
Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы жетістігі – бүгінде бүкіл аймаққа үлгі. Бұрын бұл өңір Еуропа мен қарқынды дамып келе жатқан Азия-Тынық мұхиты нарығының арасын жалғайтын қосалқы бағыт болып есептелетін. Алайда қазір жағдай өзгеріп отыр, жолаушылар ағыны қалыптасқан нарықтардан дамушы елдерге қарай ойысып келеді. Бүгінде әлем халқының тек 20%-ы ғана әуе көлігімен қатынауға қабілетті. Себеп – билет бағасы. Алдағы жылдары Орталық Азия сияқты аймақтарда жолаушылар легі артады. Бұл бір жағынан аймақ елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін береді. Қазақстан осы мүмкіндікті дер кезінде аңғарып, қалт жібермеуге шындап кіріскен.