IELTS-тан рекордтық 8,5 балл алған Айбала: Жұрт ойлағандай мен тіл жағын таңдамаймын

АСТАНА. KAZINFORM – Ағылшын тілінің халықаралық тестілеу жүйесінен (IELTS) рекордтық 8,5 балл алған астаналық оқушы Айбала Амангелдіқызы Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында өз жетістігінің сырымен бөлісті.

Айбала Амангелдіқызы
Фото: Ербол Жанат

— Әуелі өзіңізбен танысып алсақ, қай жақтан боласыз? Қай мектепте оқып жатырсыз?

Аты-жөнім — Айбала Амангелдіқызы. «Qazbilim» ұлттық лицейінің 9-сынып оқушысымын. 2009 жылы Екібастұзда өмірге келгенмін. Менің анам шетелде оқыған, сол кезде біз отбасымызбен бірге барған едік. 3-сыныпты Англияда, 4-сыныпты елге келіп оқыдым. Содан соң 5-сыныптан 8-сыныпқа дейін Шотландияда оқыдым. 9-сыныптан бастап осы мектепте білім алып жатырмын.

Сонда бала кезіңізде шетелде оқығаныңыздың арқасында осындай нәтижеге жеттіңіз бе?

Айбала Амангелдіқызы
Фото: Ербол Жанат

— Менде ағылшын тілінің базасы болғанына қарамастан, алғаш рет тапсырғанда 6,5 балл алған болатынмын. Себебі ауыз-екі тілде сөйлей алу мен IELTS талаптары екі бөлек дүние. Шетелде тұратын, ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын адамдардың өзі бұл тесттен жақсы нәтиже көрсете алмауы мүмкін.

Олай болса, мұндай рекордтық нәтижеге қалай қол жеткіздіңіз?

Осы мектепте IELTS-сыныптарына барып, дайындықтан өттім. Мектептен тыс уақытта жеке үйірмелерге де бардым. Мұнда IELTS-қа дайындық міндетті пән ретінде оқытылады, биыл 50-ден астам оқушы тапсырып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Солардың қатарында мен де бармын.

Сіздің көрсеткішіңіз әлеуметтік желіде көпшілікті таңғалдырып жатыр. Анау-мынау емес, Гарвард университетін бітіріп келген кәсіби аудармашы, баспа саласының белді өкілі Шығыс Мұқан есімді азаматтың өзі кезінде IELTS-тан 8,0 балл алғанын жазып, сізге ілтипатын білдіргенін көзіміз шалып қалды. IELTS-сыныпта оқып, тіл курсына барып жүргендердің бәрі ондай балл ала алмайды. Сіз нақты қалай дайындалдыңыз? Қандай life hack қолдандыңыз?

Ең бірінші көп сөз жаттау керек. Одан ары қарай жазу, оқу, тыңдау кезеңдеріне өтесіз. Бастысы, адам дайындығы жақсарып, өзінің тілді еркін меңгергеніне сенімді болған кезде ғана IELTS тапсырған дұрыс. Маған IELTS Advantage деп аталатын Youtobe арнаның көп көмегі тиді. Оны жүргізетін адамның өзі — IELTS-қа дайындаушы әрі ұлты ағылшын азамат. Сол арнаны қарауды ұсынар едім. Одан басқа, тағы қайталап айтамын, көп сөз жаттау керек.

Қалай көп сөз жаттап алуға болады?

Мен Англияда жүргенде әкем екеуіміз күнінен 40 сөз жаттайтынбыз, себебі әкем екеуіміз де ағылшынша білмейтінбіз. Содан бір-бірімізде сұрақ қойып, сөздердің аудармасын, мағынасын айтып беретінбіз. Әр жексенбі күні сол апта бойы үйренген сөздерді түгел қайталайтынбыз.

Көп сөз жаттау, грамматиканы оқудан басқа не ұсынар едіңіз?

Қазақстанда ағылшын тілі басқаша үйретіледі, көбінесе формулалар мен шақтарға мән беріледі. Осы шақтар мен формулаларды жақсы меңгеруге маған ауызекі сөйлесу көп көмектесті, яғни сөйлесу кезінде мен оларды жаттап алдым. Сол үшін ағылшын тілді орта құруға тырысу керек. Youtobe-та тек қана ағылшын тіліндегі видеолар қарау керек, музыка да ағылшынша, тіпті телефондағы тіліңіз де ағылшынша болғанда, сіздегі машықтың сапасы артады.
Мен көбінесе writing-ке (жазу) дайындалатынмын. Ол үшін өзім бір эссе табатынмын, өзім эссе жазатынмын. Өзіңіз жазған эссені ChatGPT-ге бағалатып алуға болады. Speaking-тен дайындалсаңыз (ауызекі сөйлеу), мұғалімге бағалатқан жөн. Reading (оқу) және Listening-ке (тыңдау) дайындалатын болсаңыз, интернеттен аудио немесе мәтінді алуға болады.

Сіздің өзіңіздің ағылшын тілді ортаңыз бар ма?

Мұндағы оқушылар ағылшынша жақсы түсінеді. Мен сыныптастарыма ағылшынша бірдеме айтсам, олар түсініп, жауап береді. Одан бөлек онлайн әлеуметтік желілерде ағылшындар көп. Солармен де сөйлесуге болады. Ал жалпы жай мектептерде ондай мүмкіндік аз деп ойлаймын.

Болашаққа қандай жоспарыңыз бар? Жоғары оқу орнын қай елде оқығыңыз келеді?

10-11 сыныпты осында оқимын. Мектептен соң Назарбаев университетіне түскім келеді. Тырыссам, онда түсуге шамам жетеді деп ойлаймын, бірақ қазір өзіме сенімді емеспін. Жұрт ойлағандай, мен тіл жағын оқымаймын. Менің таңдаған бағытым – физика-математика, яғни инженер болғым келеді.

Сонда сіз үшін ағылшын тілі тек білім алу құралы болып тұр ғой?

Әрине, қазірдің өзінде интернеттен бір мәліметте қазақша іздесеңіз, ақпарат аз. Ал ағылшынша іздесеңіз барлығы бар. Сол үшін ағылшын тілін білу керек.

Өзіңіз оқып жатқан IELTS-сыныптың қандай ерекшелігі бар? Сізге ұнайтын немесе ұнамайтын тұстары бар ма?

Маған мұнда IELTS-тан дайындайтын мұғалімдердің бір ұнайтын жері бар. Мәселен, сіз өзіңіз қай жағынан осал екеніңізді айтсаңыз, соған сай материалдарды үйіп-төгіп береді. Нені оқу, нені оқымау керегін айтады. Осылай әр оқушы өзінің ағылшыншадан осал жағын оңай жетілдіріп алады. Сосын апта сайын тест болады. Одан бөлек айына бір рет IELTS-тест тапсырамыз, ол — мектепішілік mock (ресми емес, сынақ) тест Осылардың нәтижесі бойынша қандай қате жібергенімізді талқылаймыз.

Бұл mock тестінің деңгейі кәдімгі IELTS-тесттен оңайырақ бола ма?

Мысалы, мен 2 рет IELTS тапсырып көргенмін. Менің ойымша, мектепішілік IELTS-тест қиынырақ. Себебі онда стандарт сұрақтар жоқ, мәтіндері де қиынырақ. Аудиотыңдау тапсырмасы да қиындау болады. Ауызша тапсырғанда да қиынырақ тақырыптар береді.

Шетелде оқу жоспарыңызда жоқ па?

Еуропада оқу ең жақсы опция деп ойламын. Сонымен қатар, Қазақстандағы университеттер де жаман емес. Егер шетел жайлы айтар болсақ, Германияны таңдар едім. Біріншіден, ол жақта оқу өте арзан және гранттар да береді. Физика-математика бағытын таңдайтынымды айттым ғой, ол елде бұл бағыттағы адамдардың табысы жақсы. Сондай-ақ Германияда математика жақсы дамыған. Сол үшін төртінші тілді оқиын деп жатырмын, ол неміс тілі болады.

Басқа пәндерден көрсеткішіңіз жақсы ма?

Иә, қазір басқа пәндерден де беске шығып жатырмын. Бірақ, әдебиет және орыс тілі пәнінен қиыншылықтар бар. Қазақ тілін елге келгелі үйреніп жатырмын. Ал жалпы меңгерген 3 тілдің ішінде ең нашары – орысшам.

Сұхбатыңызға рахмет! Білім көгінде самғай беріңіз!

Соңғы жаңалықтар