Иерусалим қаласында мемлекеттік жоғары лауазымды қызметкерлерге арналған денсаулық сақтау саясаты бойынша Еуропа форумының екінші кеңесі өтті

Сонымен қатар, 28-29 қараша күндері «Денсаулық-2020» саясаты бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бірінші еуропалық конференциясы өтті. Аталған іс-шаралардың мақсаты - «Денсаулық-2020» жаңа еуропалық денсаулық сақтау саясатын әзірлеу шеңберінде пайдаланылатын ұсыныстарды дайындау, сондай-ақ халық денсаулығын сақтауға түрлі салаларды тарту тетіктері мен үлгілерін талқылау болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының шақыруымен құрамында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Денсаулық сақтау министрлігі мен осы мекемеге қарасты ұйымдардың өкілдері және Қазақстанның Израильдегі елшілігінің қызметкерлері қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда денсаулық сақтау, темекі шегу және ішімдік ішуді шектеу мәселелерінде, сектораралық және мекемеаралық өзара іс-әрекеттестік қарастырылғаны белгілі. Қоғамдық денсаулықты қолдау және нығайтуға бағытталған шаралар қарастырылғанын назарға ала отырып, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының таныстырылымын жасады.
Конференцияға қатысушылар Қазақстанның денсаулық сақтауды дамытудағы, оның ішінде инфекциялық емес аурулардың алдын алу және күрестегі оң тәжірибесін атап көрсетіп, Еуропа елдеріне арналған «Денсаулық-2020» саясатын әзірлеу барысында Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудағы тәжірибесін зерттеп, пайдалануға қызығушылық танытты. Сапар барысында қазақстандық делегация Израильдің Шнайдер ауруханасы, телемедицина колледжі, Бейлинсон және Давидов ауруханалары сияқты медициналық орталықтарында болып, жұмыс барысымен танысты.