Иерусалимдегі терактіде алты адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Иерусалимдегі қайғылы оқиға аймақтағы қауіпсіздік мәселесін тағы бір мәрте көтерді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Шесть человек погибли в результате теракта в Иерусалиме
Фото: x.com / @mda_israel

Дүйсенбі күні таңертең екі палестиналық Иерусалимнің солтүстігіндегі аялдамада адамдарға оқ жаудырды. Шабуыл салдарынан алты адам қаза тауып, оннан астамы түрлі дәрежеде жарақат алды. Бұл туралы The Times of Israel хабарлады.

Шабуылшылар қаланың солтүстігіндегі Рамот қиылысына дейін жетіп, қолдан жасалған «Карло» пулеметінен бей-берекет оқ жаудырған. Төрт адам оқиға орнында, тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Дәрігерлердің хабарлауынша, зардап шеккендердің жетеуі ауыр халде, тағы бірнешеуі орташа және жеңіл жарақат алған.

Израиль полициясы шабуыл жасағандардың Рамалланың оңтүстік-шығысында орналасқан Катанна және әл-Кубайба ауылдарынан шыққанын анықтады. Олар оқиға орнында қаруланған сарбаз бен сол маңда жүрген азаматтың көмегімен ұсталды. Лаңкестердің көлігінен қару-жарақ, оқ-дәрі және пышақ табылды.

Қайғылы оқиға болған жерге Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келіп, елде «террорға қарсы соғыс» жүріп жатқанын айтты.

— Біз лаңкестер шыққан ауылдарды қоршауға алдық. Газа секторында ұрыс жалғасып жатыр. Біз ХАМАС-ты жойып, тұтқындағыларды босатып, қауіпсіздікке қол жеткіземіз, — деді ол.

Израиль премьер-министрінің айтуынша, қауіпсіздік қызметі биылғы жылы жүздеген шабуылдың алдын алды, бірақ Рамоттағы қайғылы оқиға қауіпті еске түсірді.

Израиль президенті Ицхак Герцог оқиғаны «ауыр және азапты таң» деп атап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.

— Әлем біздің қандай абсолютті зұлымдықпен күресіп жатқанымызды түсінуі керек. Террор бізді сындыра алмайды, — деді ол.

Қаржы министрі Безалель Смотрич өз жауабында Палестина билігінен «картадан жоғалып кетуді» талап етіп, шабуыл жасаған ауылдардың болашағын қираған Рафах пен Бейт Ханунмен салыстырды. Оның мәлімдемесі жақында Иордан өзенінің Батыс жағалауының 82 пайызын аннексиялау туралы ұсыныс кезінде жасалды.

Осыдан бұрын Израиль Газа секторындағы көпқабатты ғимаратты қиратқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар