Игерілмей немесе толығымен қаржы бөлінбей қалатын бағдарламалар қысқартылады - Үкімет басшысы

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Жыл сайын игерілмей немесе толығымен қаржы бөлінбей қалатын бағдарламалар қысқартылады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов мәлім етті.
None
None
«Біз Елбасының қойған тапсырмаларына орай тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Оның ішінде мемлекеттік жоспарлауды жетілдіру, қолданыстағы барлық бағдарламаларға ревизия жүргізу жұмыстары бар. Ал қазіргі уақытта барлығы 46 бағдарламаға ревизия жүргізілуде. Оның 5-і мемлекеттік бағдарлама, 41-і салалық бағдарлама», - деді депутаттардың сауалына жауап берген Үкімет басшысы. Серік Ахметовтің айтуынша, бағдарламаларды тексеру нәтижесінде олардың саланы дамытуға бағытталғанын бір құжатқа біріктіру көзделіп отыр. «Ал жыл сайын игерілмей немесе толығымен қаржы бөлінбей қалатын бағдарламалар қысқартылады. Бұл жұмыстың нәтижесіне орай Үкімет желтоқсан айына Елбасына тиісті ұсыныстар береді», - деді С. Ахметов. Премьер-министрдің сөзіне қарағанда Елбасы тапсырмасына орай бағдарламаларды оңтайландыру мәселесінде олардың ішінде сапалы жұмыс орындарын құруға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған бағдарламаларға ғана басымдықтар беріледі. «Мәселен, өңірлік даму аясында бізде алты салалық бағдарламалар қабылданған. Атап айтар болсақ, олардың ішінде ауыз су, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үй шаруашылығын дамыту бағдарламалары бар. Бұлардың бәрі өңірді дамытуға бағытталған. Сондықтан да, бұлардың тиімділігін арттыру үшін бір бағдарламаға біріктіруді қарастырып жатырмыз», - деді С. Ахметов.
Соңғы жаңалықтар