Игі қадамдарымыз арқылы кәсіпкерлікке кең өріс ашқымыз келеді - Уәлихан Ғабдуллин
- Уәлихан Мұташұлы, алдымен ұлттық кәсіпкерлік палатасының қызметіне кеңірек тоқтала кетсеңіз?
- Қазақстан Республикасының кәсіпкерлер палатасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы 9 қыркүйектегі тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өңірлік даму министрлігі және «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы бірлесіп құрған болатын. Сол кезде Астана және Алматы қалаларымен қатар, барлық облыс орталықтарында өңірлік филиалдар ашылған еді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеті кәсіпкерлер қауымдастығын нығайту, кәсіпкерлер субъектілерінің заңды мүддесін және құқығын қорғау, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін құқықтық, әлеуметтік және экономикалық ортаны қалыптастыру болып табылады. Ұлттық палатаның қызметі бірінші кезекте кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік сатып алу, бағдарламалардың тиімділігіне сараптама жасап, тарифті қалыптастыру, адам капиталын дамытып, өңірлік даму картасын, қаржы ресурстарына бизнестің қолжетімді болуын қадағалау, сондай-ақ, экономикалық әріптестікті дамыту тәрізді бағыттарды қамтиды. Бір ескере кетерлігі, біз жекелеген кәсіпкерлердің мүддесін қорғамаймыз, бизнестегі ауқымды мәселелерді жүйелі түрде шешуге тырысамыз. Бізде осындай, маңызды басымдықтарды жүзеге асыратын команда, яғни, 40 адамнан тұратын кәсіби ұжым қалыптасқан.
- Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қазіргі қызметіне қандай баға бересіз және жыл ішіндегі жетістіктеріңіз қандай?
- Біз бұл бағытта жүйелі жұмыс істей отырып, едәуір нәтижелерге қол жеткізе алдық. Мәселен, өткен жылдың бес айында бірқатар маңызды шараларды қолға алған едік. Осы мерзім ішінде палата қызметіне 370 кәсіпкер жүгінді. Олар негізінен кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесі мен құқығын қорғауға қатысты мәселелермен келді. Дегенмен, бүгінгі таңда оның жартысы тиісті шешімін тапты. Әсіресе, палатада кәсіпкерлерге көрсетіліп жататын қысымды азайту және жемқорлықты болдырмау бағытындағы шараларға көп көңіл бөлінеді.
Құқықтық мәселелер бойынша да өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, лицензия беру, оны қайта рәсімдеу, құрылыс-монтаж жұмыстарына лицензия көшірмесін беру, қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беру, жобаға санитарлық-эпидемиологиялық шешім шығару, қызмет және жұмыстың жайы, сәулет-жоспарлау тапсырысы, техникалық жағдайларға қатысты бірқатар келеңсіздіктер анықталды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшылары салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныстар енгізеді. Ал, белсенділікке келетін болсақ, біздер басқа өңірлердегі, оның ішінде еліміз бойынша сараптама жүргізіп, қандай да болмасын жобаны жүзеге асыру мен үйлестіру жөнінде түрлі ұсыныстар енгізе аламыз. Бұл қадамымыз оң бағаланып жатады. Мұның өзі әрине, біздерді қуантады. Осы жағынан алғанда, өткен жыл біз үшін жаман болған жоқ. Палата тарапынан көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, оң шешімін тапты. Алайда, өңірде энергия жүйесіндегі тарифті қалыптастыру мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Әсіресе, электр энергиясына қосымша шығын, оның ішінде пайдаланылмаған энергия қуаты үшін 100 пайыз алдын ала ақы төлеу тұтынушылар мен бизнеске үлкен проблема туғызып отыр. Бұл жайға қатысты біздің тарапымыздан қарсылық танытылды. Мәселен, 2014 жылдың 10 қарашасындағы Көкшетау қаласындағы ауданаралық экономикалық соттың қаулысымен азаматтық заңнама талаптарын бұзған «Көкшетау Энерго Орталығы» серіктестігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Экономикалық блокқа келетін болсақ, шағын және орта бизнесті дамыту үшін өңірлік карта құрастыру, кәсіпкерлікті дамытуды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру тиімділігіне сараптама жасалып, соның негізінде мұқият жұмыс істелуде. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберіндегі жобалар қолға алынуда. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар, өңірдегі тауар өндірушілердің тауарларын іске асыруға қолдау көрсету, жұмыс және қызмет көрсетудің тиімділігіне жоспарлы түрде сараптама жүргізу жұмыстары қолға алынуда. Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша бизнеске сервистік қолдау бағытындағы іс-шараларды да сәтті аяқтады. Жыл қорытындысына сай сервистік қолдау алған кәсіпкерлердің саны бір мыңнан асса, көрсетілген сервистік қызмет 1400-ге жетті. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 196 адамды ғана құраған еді. Осыдан-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде бөлінген бюджет қаражатының толық игерілгенін байқауға болады. Бұл ретте, кәсіпкерлерге сервистік қызмет тегін көрсетілетінін де айтқым келеді.
Өткен жылдың шілдесінен желтоқсанына дейін бухгалтерлік және салықтық есепті енгізу, статистикалық есепті құрастыру, құқықтық көмек, кедендік рәсімдеу және ақпараттық-технологиялық қызмет жөнінде ақыл-кеңестер берілді. Мемлекеттік сатып алу, маркетинг қызметі, менеджмент жүйесін енгізу бойынша да көрнек алғандар қатары қалың болды. Сараптама жұмыстарының нәтижесі көрсеткеніндей, заң, бухгалтерлік және бизнес жоспар жасау бойынша қызметтерге сұраныс көп болды. Ағымдағы жылы да өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл бағытта жемісті қызмет көрсететініне сенім мол.
Палатаның басты қызметі әлеуметтік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Осының аясында жұмыс берушілердің білікті кадрларға деген сұранысы барынша қанағаттандырыла түскен жайы бар. Дуальдық оқытудың жол картасы шеңберінде кәсіби теориялық білім беру және өндірістік тәжірибеден өтуді жүзеге асыру үшін біздің палата он екі мамандық бойынша 506 студентті қамтыған 10 колледж бен әлеуметтік әріптес 18 кәсіпорын арасында жиырма үшжақты және төртжақты келісімшарт жасады. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлік палатасының бастамасымен өңірде кәсіпкерлік субъектілерінің білікті кадрларға деген тапшылығын шешуге мүмкіндік беретін «Алғабас» оқыту орталығы ашылды.
- Ал, енді бизнес пен билік арасындағы диалог қалай құрылуда? Яғни, палата кәсіпкерлер мүддесін тиісті орындарға қалай жеткізіп отыр?
- Билікпен диалог жүргізу оңай емес. Қоғам арасында ұлттық палата қызметі туралы әр түрлі пікір қалыптасқан. Жақында облыстық әкімдік пен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында әріптестік жөнінде екіжақты меморандум жасалды. Сонымен қатар, осы мақсатта мен облыстық әкімдік пен облыстық кәсіпкерлер палатасы және «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Кеңес беру-мәжіліс органдарының құрамында бизнес өкілдерінің 50 пайыз болуы жөніндегі мәселе де оң шешімін тапты. Бұған қоса, облыстық прокуратурамен меморандум жасалды. Бұл құжат өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған материалдарды жедел қарап беруге мүмкіндік туғызып отыр. Осы күні кәсіпкерлерден түскен арыз-шағымдар осы бақылаушы органдардың көмегімен біртіндеп оң шешіліп жатыр.
Қазіргі уақытта палата 1 600 000-нан астам қызмет алушы арасында жүргізілген қоғамдық мониторингтің бірінші кезеңін аяқтады. Алдын ала қорытынды бойынша сәулет-жоспарлау тапсырысын беретін, жер телімдерін мақсатты пайдалануды өзгерту, жер телімдерін қалыптастыру бойынша жер құрылысы жобасын бекітетін мемлекеттік органдарға ең төмен баға беріліп отыр.
- Осы орайда, биылғы жылға жоспарлаңызды да біле отырсақ?
- Бұл жылы да алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Сондықтан, жыл өте жауапты әрі ауыр болмақ. Жоғарыда атап өткенімдей, бүгін таңда Үкімет, мемлекеттік органдар мен ұлттық палата арасында келіссөз алаңы құрылған. Ендігі міндет - осыны өңірлік деңгейде одан әрі дамыту. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы 2015 жылды өңірлердегі жұмысты ширата түсуге арнап отыр. Сонымен қатар, облыс аумағында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын ашу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Оларды іске қосу жылдың басына жоспарланған. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жанынан бизнес-мектеп ашылатын болады. Қазірдің өзінде осыған білікті кеңесшілер және бизнес жаттықтырушылар іріктеліп алынуда.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнесті дамытудың өңірлік картасын жасау бойынша да жұмыстар атқаруда. Қазіргі кезде туристік бизнесті дамыту, оның ішінде қысқы туризмді, сондай-ақ, өңірдегі су айдындарының инфрақұрылымын және балық шаруашылығын дамыту мәселелері шешілуде. Өткен жылдың соңында бұл өзекті мәселелер өңірлік кәсіпкерлер палатасы, шағын және орта бизнесті дамыту комитеті мен ұлттық палатаның салаға қатысты блогының бірлескен отырысында қаралды. Келешекте бұл жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша жүзеге асырылмақ.
Палата ішкі экономикалық қызметті дамыту бойынша жұмыстарды да қолға алып, Ресей Федерациясының Челябі және Омбы облыстарындағы, Беларусь, Украинадағы, таяу шет елдердегі бизнес құрылымдарымен және қауымдастықтарымен әріптестік қарым-қатынас орнату жөніндегі мүмкіндіктер саралануда. Келешекте өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Челябі облысының сауда-өнеркәсіп палатасы арасында хаттамаға қол қою жоспарда бар. Осы бағытта қаңтар айында Челябі облысында Ақмола облысының күндерін өткізу көзделген. Осы шара аясында өңіріміздегі ең үздік тауар өндірушілер ресейліктерге өз өнімдерін ұсынып, мұның соңы мәдени бағдарламаға ұласатын болады. Бір сөзбен айтқанда, осындай игі қадамдарымыз арқылы кәсіпкерлікке кең өріс ашқымыз келетіні айқын.
- Әңгімеңізге рахмет.