Игорь Нанаевтың ісі бойынша 56 адамнан жауап алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Аймақтық Орталық коммуникациялар қызметінде баскетболшы Игорь Нанаевтың ауыр соққыға жығылу ісі бойынша облыс прокурорлары мен полиция брифинг өткізді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

 Игорь Нанаевтың ісі бойынша 56 адамнан жауап алынды

Брифингті СҚО әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова бастады.
«Бастапқы процессуалды іс-шаралар кешені мен істі жан-жақты сараптау арқылы 3 қазан күні «Парк-Сити» ойын-сауық кешені маңында екі адам төбелескенін, онда Игорь Нанаевтың дене жарақатын алғанын білдік. 21 жастағы күдікті ұсталды және уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оған қатысты «тұтқынға алу» шарасы қолданылды».
Бейнебақылау камераларындағы жазбалар мен куәгерлер түсініктемесі  сарапталып жәбірленуші мен күдіктінің ғана төбелеске қатысқаны анықталғанын тағы да атап өткіміз келеді. Екеудің төбелесі кезінде соққы жасаған басқа адам болмаған. Іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Қабылданған процессуалдық шешімдердің заңдылығы мен негізділігін қала және облыс прокуратурасы бақылайды», - деді Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин.
Осы іс бойынша 56 адамнан жауап алынды. Петропавл қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Александр Трикачев төбелес кезінде түнгі клуб маңында болуы мүмкін тұлғаларды анықтау үшін барлық шара қолданылып жатқанын айтты.
Еңбек Сембин төбелестің қыз үшін болғанын айтты. Соққыға жыққан күдікті - жұмыссыз, студент емес және бұрын сотталмаған. Сот оны екі айға қамауға санкциялады.
Қылмыстық бап 2-бөлімнен 3-бөлімге «Өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру» бабына ауысты. Сұрақтарға жауап бере отырып, Сембин оқиға орнына ешкім полиция шақырмағанын атап өтті. Бұл уақытта парк маңындағы стационарлық бекетте кезекшілікте тұрған полиция Қазақстан Конституциясы көшесін патрульдеп жүрген.
Айта кетейік, жергілікті «Барыс» клубының спортшысы қазанның 2-нен 3-іне қараған түні түнгі клубта болған төбелес кезінде ауыр жарақаттар алған. Жансақтау бөліміне алып келгенде оның бас сүйегі мен ішкі мүшелеріне қатты зақым келгендігі анықталды. 10 қазан күні спортшы есін жимастан қайтыс болды.