ІІМ басшысы: Полицияның баспанамен біріктірілген учаскелік бөлімшелері керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті полицияның ең маңызды міндеттерінің бірі - құқықбұзушылықтың алдын алу. Құқықбұзушылықтың алдын алудағы негізгі буын әрине, учаскелік полицейлер, деп мәлімдеді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов халыққа есеп беру кездесуінде. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

ІІМ басшысы: Полицияның баспанамен біріктірілген учаскелік бөлімшелері керек

«Бүгінде учаскелік полиция қызметі полицияның профилактика және өзге де есептерінде тұрған 170 мыңнан астам тұлғаның жүріс-тұрысы бақыланады. Алайда, барлық жерде әсіресе ауылдық жерлерде учаскелік полицияның жұмысы үшін тиісті жағдай жасалмаған. Біздегі 2 800 учаскелік бөлімнің 1 600-іне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, 370 жаңа учаскелік бөлім салынуы қажет. Учаскелік инспекторлардың баспанасымен біріктірілген полиция бөлімшелері керек. Бұл олардың күні-түні қызмет ету учаскесінде болуына мүмкіндік береді», - деді ІІМ басшысы.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мұндай учаскелік бөлімшелер Алматы (10), Ақтөбе (8), Оңтүстік Қазақстан (6) облыстарында бар.

«Алдағы уақытта ІІМ әрбір учаскелік бөлімді компьютерлендіруге және министрлік деректерінің ақпараттық қорына қашықтықтан қолжетімділікті қамтамасыз етуге ниетті», - деп хабарлады Қасымов.