ІІМ: Былтыр экстремистік сипаттағы 28 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Былтыр елімізде экстремистік сипаттағы 28 қылмыстық іс қозғалып, террористк топтың 24 қатысушысы қамауға алынды. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағаты барысында мәлім болды.
Баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстың қызметін, сонымен бірге экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстарды анықтау және жолын кесу бағытында жұмыстар белсенді жүзеге асырылып келеді. Мәселен, ұйымдасқан топ құру мен оған басшылық ету, бандитизм фактілері бойынша 53 қылмыстық іс қозғалған. Ұйымдасқан криминалдық құрылымдардың елуден астам жетекшілері мен 230 қатысушысы жауапкершілікке тартылып, олардан көптеген қару мен есірткі тәркіленген. «Экстремистік сипаттағы қылмыстар бойынша 28 іс қозғалды. Астана мен Атырау қалаларында 3 террористік топ әрекетінің жолы кесіліп, олардың 24 қатысушысы қамауға алынды. Экстремистік сипаттағы ақпараттан тұратын 11,4 мың бірлік баспа өнімі, 1,2 мың бірлік электрондық дасымалдағыш, 13 бірлік компьютерлік техника тәркіленді», - дейді министр Қ. Қасымов.