ІІМ қару сақтау талаптарының қатайтылғанына байланысты қару иелеріне үндеу жасады
Үндеуде соңғы жылдары Қазақстан аумағында пәтер ұрлығы фактілері жиілеп кеткенін, ал ондай ұрлық барысында азаматтық қарулар қолды болып жатқаны айтылады. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі ұрланған қарудың заңсыз айналымға түсуіне және оны пайдалана отырып қылмыстар жасалуы мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіреді.
«Тек өткен жылы және ағымдағы жылдың басынан бастап республика бойынша пәтер ұрлығы нәтижесінде бір мың бірліктен астам азаматтық қару, олардың ішінде 49 бірлік ойық ұңғылы аңшылық қару ұрланған. Бұл ретте ұрлықтың 30% қару иесінің қаруды сақтауға немқұрайлы қарағандығы нәтижесінде орын алып отыр», - делінген үндеуде.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде қару иелеріне қару мен оның патрондарын сақтауды қамтамасыз ету бойынша қосымша талаптарды белгіленгенін еске салады. Атап айтқанда, Қару мен оның патрондары айналымының ережесіне енгізілген ондай түзетулер бойынша ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 17 сәуірдегі №363 қаулысы қабылданды, ол алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«Осы қаулыда қалалық елді мекендерде (республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, сондай-ақ олардың әкімшілік бағынысының аумағындағы кенттер) тұратын азаматтық қару иесі үшін қару сақтайтын үй-жайларды пәтер ұрлығына уақтылы ден қоюға және қылмыскерлерді ұстауға мүмкіндік беретін, үй-жайларды күзету жүйесінің болуы және пайдалану бойынша міндетті талаптар енгізілген. Қазір үй-жайларды күзетудің, қадағалаудың және бақылаудың замануи жүйелері, пульттік және автономды дабыл қаққыштар кең таралған. Осыны ескере отырып, азаматтық қару иелеріне осындай жүйелерді, сондай-ақ қару сақталатын бөлмені не сейфті дабыл берумен жабдықтауды таңдау құқығы беріледі.
Осыған орай, азаматтық қару иелері Үкіметтің қаулысының күшіне енген күнінен бастап және 2014 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі мерзімде қару сақталатын үй-жайларға күзет жүйесін орнатуы керек. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі, «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы Заңының 16-бабының 2-тармағына сәйкес қару иелері қару мен оның патрондарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті екендігін ескертеді. Қаруды сақтау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке көзделген, ал атыс қаруын оны басқа адамның пайдалануы үшiн жағдай туғызған ұқыпсыз сақтау, егер ол ауыр зардаптарға әкеп соқса қылмыстық жауапкершілік көзделген»,- делінген үндеуде.