ІІМ: Қазақстанда пробациялық бақылау жасалатын тұлғалар тізімі кеңейтілуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда пробациялық бақылау жасалатын тұлғалар тізімі кеңейтілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды.

 ІІМ: Қазақстанда пробациялық бақылау жасалатын тұлғалар тізімі кеңейтілуі мүмкін

Онда жаңа редакциядағы Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы талқыланған болатын.

«Кодекс жобасымен пробациялық бақылау қарастырылатын тұлғалар ауқымы кеңейтіледі. Бақылаудың бұл түрі шартты түрде бас бостандығынан айырылғандардан бөлек, бас бостандығы шектелгендерге және мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандарға қолданылатын болады», - деді Ішкі істер вице-министрі Амантай Күреңбеков. Оның айтуынша, пробациялық бақылаудың мақсаты әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандардың мінез-құлқын түзеу мен олардың қайтадан қылмыстық әрекеттерге баруының алдын алу болып табылады. Бұдан бөлек, шартты түрде бас бостандығынан айырылғандардың жалпыға ортақ қабылданған әлеуметтік, адамгершілік және құқықтық нормаларды сақтауын бақылау көзделіп отыр. Бұл ретте шартты түрде бас бостандығынан айырылғандарға қарастырылатын әлеуметтік-құқықтық көмектің негізгі бағыттары олардың білім алуына, кәсіптерді иеленуіне, жұмысқа орналасуына, емделулеріне, сондай-ақ құқықтық кеңеспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, халықаралық тәжірибеге сәйкес, Қылмыстық-атқару кодексі жобасына сотталушылардың құқы мен міндеттері жазылмақ. Ал бұл мәселе бұған дейін ішкі ведомстволық нормативтік актілермен айқындалып келген болатын.

«Кодекс жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі сотталушылардың құқын қорғауды қамтамасыз етумен қатар, оларды тәрбиелеу үдерісіндегі қоғамның рөлін күшейту болып табылады. Бұдан бөлек, Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға сәйкес, ұлттық алдын алу тетігін енгізу туралы ереже жеке бөлім ретінде жазылып отыр», - дейді Амантай Күреңбеков.