ІІМ қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі қоғам қауіпсіздігін әріптестік жүйесі арқылы қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін әзірлеуге кірісті. Жаңа тұжырымдама туралы аталған ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Министрлік қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді бастады. Бұл - мемлекеттік органдардың, кәсіби полицияның және жауапты қоғамдастықтың өзара іс-қимылы мен белсенді қатысуына негізделген құқық бұзушылықтардың алдын алудың кешенді жүйесін құрудың іргетасы», - деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствода онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттары:

- құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіпсіз қоғам құру үшін жағдай жасау;

- азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкі мен құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау;

- қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қолданыстағы тетігін ғылыми деректер мен әріптестікке негізделген қазіргі заманғы алдын алу жүйесіне айналдыру.

Министрлік өкілінің айтуынша, аталған тұжырымдама шет елдердің үздік тәжірибесіне сүйене отырып әзірленуде.

«Тұжырымдамада құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері қарастырылады. Қылмыстық істер тек полиция жұмысына ғана тәуелді емес әрекет екенін ескерсек, мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді басқа да мүдделі тараптармен және азаматтармен әріптестік орнату, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша есеп берудің ашық жүйесін енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар тұжырымдамада полиция жұмысын трансформациялау, бюрократиядан аулақ, адамға бағытталған модельге көшу жөніндегі шаралар бекітілетін болады», -дейді ведомство өкілі.

Тұжырымдаға қатысты ұсыныс-пікірлерді [email protected] электронды поштасына жіберуге болады.


Соңғы жаңалықтар