ІІМ көпұлтты мемлекеттегі полиция қызметін жетілдіруге бағытталған ЕҚЫҰ күш-жігерін толықтай қолдайды - Қ. Тыныбеков

None
None
АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ішкі істер министрлігі көпұлтты мемлекеттегі полиция қызметін жетілдіруге бағытталған ЕҚЫҰ күш-жігерін толықтай қолдайды.

 Бүгін Астанада «Көпэтносты Қазақстандағы полиция қызметі» атты бірлескен жобаның таныстырылымы барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Тыныбеков осылай мәлім етті.

«Елбасы Н. Назарбаев бейбітшілік пен келісімнің еліміздегі негізгі басымдық екендігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Осыған орай, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі қоғамдағы ұлтаралық келісімнің полиция қызметкерлері арқылы сақталуы тақырыбын қамтитын жобаны құптайды. Бұл ретте осы шара этникааралық тұрақтылықпен байланысты барлық проблемаларды талқылауда ЕҚЫҰ мемлекеттерінің тиімді пікір алаңы ретінде қалыптасатынына сенімдімін.  Ұлтаралық қақтығыстардан бастап экстремистік және ұлттық сипаттағы қақтығыстардың алдын алуға да септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді министр орынбасары.

Оның айтуынша, Қазақстан өңірлік тұрақтылықты қорғауға бағытталған көптеген халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді қатысушысы болып табылады. Ал бұл ретте өңірдегі проблемалардың басым бөлігі бірегей сипатқа ие және бұндай мәселелерді тек қана басқа мемлекеттермен бірлесе отырып шешуге мүмкіндік бар.

«Қазақстанның Ішкі істер министрлігі құқық қорғауға қатысты  бастамаларды, сондай-ақ көпұлтты мемлекеттегі полиция қызметін жетілдіруге бағытталған ЕҚЫҰ күш жігерін толықтай қолдайды. Халықаралық тәжірибелер мен ұсынымдар негізінде Қазақстанда құқық қорғау органдары жүйесі, оның ішінде ІІМ жүйесі жетілдірілуде. Соңғы жылдары біздің ведомство өз қызметінің тиімділігін арттыратын бірқатар өзгерістерді бастан кешірді. Заманауи қылмыстарға қарсы тұрарлық инновациялық технологиялар сатылап ендіріліп жатыр, ұлтаралық сипаттағы қылмыстардың, құқық қорғаудың алдын алу шаралары жетілдірілуде», - дейді Қ. Тыныбеков.

 Естеріңізге сала кетейік, «Көпэтносты Қазақстандағы полиция қызметі» жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Ішкі істер министрлігінің және ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының бірлескен жобасы болып табылады.

Соңғы жаңалықтар