ІІМ медиа орталығының көлігі Екібастұзда 43 жастағы тұрғынды қағып кеткен

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында жыл басынан бері түрлі жол-көлік оқиғасынан 20 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІМ медиа орталығының көлігі Екібастұзда 43 жастағы тұрғынды қағып кеткен

«23 тамыз күні сағат 21.41 шамасында Екібастұз қаласы Әуезов көшесіндегі 42-үйге қарама-қарсы бетте «Опель Омега» автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі жол қозғалысы қауіпсіздігін ұстанбай, жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен 37 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргінші жарақат алып, ауруханаға жатқызылды»,-дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлердің айтуынша, жүргізуші сау болған. Төтенше жағдайдан кейін ол оқиға орнынан ізін суытқан, бірақ тәртіп сақшылары оны тауып, ешқайда кетіп қалмау туралы қолхат жаздырып алған. Қазақстан Республикасы ҚК 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Машина айып тұрағына қойылды.

«Дәл осы күні, сағат 21.50-де Екібастұз маңындағы Павлодар – Нұр-Сұлтан тасжолында «ҚР ІІМ Медиа-орталығы» ЖШС-не тиесілі Hyundai Elantra автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 43 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Өкінішке қарай, оқиға салдарынан жаяу жүргінші алған жарақатынан сол жерде қайтыс болды», – деп мәлім етті полиция.

Бұл жүргізуші де сау болған. Оқиға орнынан жасырынбай, жедел жәрдем мен полицияны өзі шақырған. Анықталғандай, жүргізуші басшылықтың рұқсатынсыз қызметтік автокөлікпен Нұр-Сұлтан қаласынан тыс жерге кеткен.

Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды. Жүргізушіден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.

Павлодар облысының ПД мәліметтері бойынша, соңғы шешімді сот қабылдайды және жаза шарасын таңдайды.

Айта кету керек, жыл басынан бері Павлодар облысының аумағында 299 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан 20 адам қаза тауып, 425 адам жарақат алған.