ІІМ: Нұр-Сұлтан мен Алматыда заңсыз шеруге шыққандар әрекетіне құқықтық баға беріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан мен Алматыда заңсыз шеруге шыққан 500-дей адам ұсталды. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІМ: Нұр-Сұлтан мен Алматыда заңсыз шеруге шыққандар әрекетіне құқықтық баға беріледі

"Сайлау күнінде Ішкі істер министрлігі дауыс беру орындарында да, көшелер мен қоғамдық орындарда да құқықтық тәртіпті қамтамасыз етті. Қоғамдық тәртіпті сақтауға еліміз бойынша шамамен 19 мың полиция қызметкері тартылды. Қазіргі уақытта барлық сайлау учаскелері жабылды. Хаттамалар мен бюллетеньдерді одан ары облыстық және Орталық сайлау комиссияларына жеткізу кезінде олардың сақталуы қамтамасыз етіледі", - деді ол Орталық сайлау комиссиясындағы брифингте.

Оның атап өтуінше, жалпы дауыс беру қалыпты және тыныш жағдайда өтті. Барлық 9 903 сайлау учаскесінде бірде-бір оқыс оқиға тіркелген жоқ, қоғамдық тәртіп сақталды.

"Сонымен қатар еліміздің Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында заңсыз шерулер ұйымдастыру және қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері болды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында заңсыз акцияларға қатысқаны үшін ішкі істер бөлімдеріне шамамен 500-дей адам жеткізілді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында "Жастар" сарайы ауданында бір топ азамат Республика даңғылы бойында көліктің алдын жаппақ болды. Арандатушылар мен белсенді қатысушылардың әрекеттеріне жақын арада құқықтық баға беріледі. Полицейлердің әрекеті туралы айтар болсақ, барлық шаралар заңға сәйкес жүргізілді. Құқық бұзушыларды ұстау кезінде арнайы құралдар қолданылған жоқ", - деді Марат Қожаев.