ІІМ отбасындағы жанжал кезінде полицияға белгі беру үшін ым-ишара тілін қолдануды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігі отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек сұрау кезінде халықаралық деңгейде мойындалған ым-ишара тілін қолдануды ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз заңнаманы жетілдіру аясында тиісті алгоритмдерді әзірледік. Полиция қызметкері келген кезде бастысы – ол жәбірленуші мен агрессорды ажырата алуы тиіс. Бұл - міндетті ереже және ол агрессор тарапынан жасалуы мүмкін қысымның алдын алуға бағытталған. Кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері зорлық-зомбылық құрбанын сабырға шаықырып, мән-жайды анықтай бастайды. Осы орайда біз азаматтарға мынаны жеткізгіміз келеді: егер өміріңізге қауіп төніп тұрғанын айту мүмкіндігі болмаса, онда халықаралық ым-ишара тілін қолдану қажет. Егер адам бас бармағынын алақынына қарай бүгіп, қалған төрт саусағымен қолын жұдырық етіп жұмса, ол азаматқа қауіп төніп тұрғанын және көмек қажет екенін білдіреді», - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров ОКҚ-де өткен брифингіде.

Қоса кетсек, 1 шілдеден бастап отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске өзгеріс енеді.

Атап айтқанда, енді әкімшілік іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес.

Ол көршілер мен куәгерлердің айғақтарына негізделеді. Сондай-ақ, жәбірленуші мен агрессорға қайта татуласу мүмкіндігі берілмейді.


Соңғы жаңалықтар