17:21, 21 Сәуір 2023 | GMT +5
ІІМ студенттер мен жоғары сынып оқушыларын жазда жұмысқа алған кәсіпорындарды ынталандыруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха студенттер мен жоғары сынып оқушыларын жазғы демалыс кезінде жұмысқа тартқан кәсіпорындарға жеңілдік беруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың негізгі себептерінің бірі - жұмысы жоқтық пен бос уақыттың көптігі. Тәжірибе көрсетіп отыр, қылмыс жасаған жасөсіпірмдердің жартысынан астамы еш жерде оқымаған және еш жерде жұмыс істемеген», - деді ол.
Вице-министр ауыл жастарының арасында бұл мәселе тіптен өзекті екенін айтады.
«Ауылда жастардың дамуына, бос уақытын өткізетін шараларды ұйымдастыруға жағдай жасау қажет. Бұл проблеманы шешудің бір жолы - жазғы демалыс кезінде студенттер мен жоғары сынып оқушыларын жұмысқа тартқан кәсіпорындарға жеңілдіктер ұсыну бола алар еді. Бұл шара жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізіп, жастардың әрекетін дұрыс арнаға бағыттайды», - деді Игорь Лепеха.