Іле Алатауы паркінде сібір еліктері фототұзаққа түсіп қалды

Іле-Алатау ұлттық паркінің Ақсай филиалының биолог-аңтанушысы Сәкенов Нұрбол бастаған Ғылыми зерттеу жұмыстары және таулы агробиоалуантүрлілік бөлімі мен Жануарлар әлемін қорғау және өсімін молайту бөлімі мамандары осы филиалға қарасты шатқалға фототұзақ орнатқан болатын.
Сондай-ақ, мамандар Тұяқты жануарларға арналған қоректендіру астаулары мен тұз жалайтын орындарды тексерді. Бақылау кезінде мамандар орманның ашық алаңқайында жайылып жүрген сібір еліктерін (Capreolus pyqarqus) суретке, видеоға түсіріп алды. Бейнекадрға бұл жаққа сирек аяқ басатын 6 сібір елігі түсіп қалған.
Іле Алатауы ұлттық паркі мамандары аймақтағы флора мен фаунаның тыныс-тірлішігін қатаң бақылауда ұстап отырады.
Былтыр 13 желтоқсанда тұңғыш рет Іле Алатауында аландарын ерткен қар барысы фототұзаққа түсіп қалған болатын.
Бейнекадрда 3 түз тағысы тау беткейін бойлай маңғаз басып кетіп бара жатқаны түсіп қалған. Ұлттық парк мамандарының бағамдауынша, камераның алдынан ұрғашы барыс 1,5 жасар күшіктерін ертіп өткен.
Айта кету керек, Алматы билігі осыған дейін жойылудың аз-ақ алдында тұрған қар барысына арналған зообақ ашатынын хабарлаған болатын.
Ерекше күзетті талап ететін нысан адамдар бара бермейтін биік тауда салынады. Ондаған гектарды алып жатқан территорияда тау ешкілері, бұғылар мекендейтін болады. Бұл қар барыстарының қоректік базасы болмақ. Биыл зоолог ғалымдар мен Зоология институтының өкілдері ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр.