Ілеспе газды жағуды 2010 жылға дейін тоқтату керек ? Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өкілі

АСТАНА. Қаңтардың 16-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жылы ілеспе газды белгіленген шектен тыс көп жаққаны үшін «КПО» компаниясынан 1,8 миллиард теңге көлемінде өтемақы алынды.
None
None
Сондай-ақ осы бағыттағы кемшіліктері үшін «ТШО» компаниясынан 1 миллионнан астам, «Қазгермұнай» компаниясынан 8 миллиард, «Қазақойл-Ақтөбеден» 4 миллиард, «СНПС» компаниясынан 767 миллион теңге алынды. Бұл туралы бүгін Қоршаған ортаның сапасын тұрақтандыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің төрағасы Мұрат Рахымбергенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, Экологиялық кодексте ілеспе газды жағу барысында пайда болатын зиянды заттарды тастау үшін ең жоғары ставкалар белгіленген. Сондай-ақ жергілікті өкілетті орган өкілдеріне бұл ставкаларды 20 пайызға дейін көтеруге рұқсат етілген. «Мұндай шаралар табиғатты пайдаланушыларды ілеспе газды кәдеге асыру бойынша белгіленген бағдарламаларды дер кезінде орындауға ынталандырады», дейді комитет төрағасы. Оның пікірінше, тап осы мақсатта атқарылуы тиіс бірнеше мәселе бар. Біріншіден, елімізде ілеспе газ жағу 2010 жылға дейін мүлдем тоқтатылуы керек. Екіншіден, газ жағылатын аймақтарда табиғатта қорғау салалары тарапынан қатаң бақылау болуы қажет. Үшіншіден, еліміздегі көптеген компаниялар қандай да бір апатты жағдай пайда болған уақытта артық газды жағып жіберуге болады дегенді алға ұстанады. Бұған жол беруге болмайды. Ал төртінші мәселеге келетін болсақ, еліміз Киото хаттамасының табиғатты қорғау мәселелеріне байланысты конвенциясын ратификациялауды аяқтауға таяу. Қазіргі таңда бұл құжат Парламенттің қарауында. Егер құжат күшіне енетін болса, ол мұнай газын жағудан түсетін эмиссияның мөлшерін төмендетуге ықпал етіп, ресурстардың пайдалану тиімділігін арттыратын болады. Сондықтан мұнай саласындағы қазақстандық кәсіпорындар қазірден бастап-ақ мұнайды таза өндіруді қамтамасыз ететін тетіктерді қарастыра бергендері жөн. Бұл өз кезегінде елімізге инвестиция тартып, ілеспе газды кәдеге асыруға бағытталған қаржының көптеп тартылуына мүмкіндік тудырады. Қорыта айтқанда, бұл шара экономикалық, экологиялық және әлеуметтік салада да жемісін береді», деді М.Рахымбергенов.
Соңғы жаңалықтар