Ілияс Жансүгіровтің ұлы әкесі жайлы естеліктерімен бөлісті

Бүгінде Қазақстан республикасының еңбек сіңірген геологы Саят Жансүгіров зұлмат жылдары «халық жауының ұрпағы» атанса да, халықтан еш қорлық көрмегендігін айтты.
«Бізді Сталин режимінен басқа ешкім түрткілеген жоқ. Халық, керісінше, қамқорлығын көрсетіп, көмектесті. Халқымызға деген алғысымыз шексіз. Мен - Ілияс Жансүгіровтің тұңғышымын. Менің анам Фатима Төребаевамен əкем 1920 жылдардың аяғында Қызылордада танысады.
1930 жылы 21 ақпанда мен дүниеге келдім. Менен кейін Сайра деген қыз болған. «Саят» деген ат қазақта тұңғыш маған қойылған. Оны әкемнің өзі шығарған. «Саятшылық» деген сөзден алған болу керек. Саят Нова деген армян ақынын жақсы көрген. Кейін менің анамды оқуға жібереді. Сол кезде 6 айлық Сайра шетінеп кетеді. Мамам оқудан келіп, екеуінің арасында не болғанын білмейміз. Таласпай екеуі ажырасады, анам мені алып Түркістанға кетеді. Сөйтіп мен нағашы ағамның үйінде өстім. Мамам жұмыс істеп жүрді. 1934 жылдары əкем Затаевич екеуі қазақтың ән күйлерін жинап жүргенде менің мамамды үгіттеп, филармонияға жұмысқа тұрғызады. Сонда жүріп анам Тәуекел Ғибади деген əртіске күйеуге шығады. Ол таным-көзқарасы бойынша алашордалық еді. 1937 жылдары оларды қудалай бастады. Анамды да жұмыстан қуды. Мені анамның Абыралыдағы әпкесі Айша Сиқымбаеваға апарып тастайды. Алайда, сол зұлмат жылдары оның күйеуі Орналы Сиқымбаев та атылып кетті. Сосын тықыр өгей əкем Тəуекел Ғибадиге де таянып, ол да тоталитарлық режимің құрбаны болды. Мектептен келсем үйде сұсты, қарулы НКВД жендерттері ол кісіні қол аяғын матап, барлық материалдарын жинап теріп алып бара жатыр екен. Сол кеткеннен оралмады.
Өз əкем тауда демалып жатқан жерінен қолға түсті. Содан халық жауының баласы боп шыға келдік.
Бірақ, ешкім бізді түрткілеген жоқ. Халықтан еш қорлық көрген емеспіз. Қайта керісінше, кейбіреулер қамқорлық көрсетті. 1945 жылы Еңбекшіарал деген колхозда демалып жүргенде Жамбыл Жабаев отырған жиынға барғам. Сол кезде «Айналайын, Ілиястың көзісің бе? Жасың ұзақ болсын!» деп батасын берген еді.
Фатима Төребаева 1943 жылы туберкулезден қайтыс болған. Өмірінің соңғы жылдары "Социалистік Қазақстан" газетінде корректор болып қызмет еткен. Сол кезде атышулы нөмір «Ұлы Сталин - Улы Сталин» деген айдармен кеткен еді.
«Содан кейін анам жұмыстан шығып кетті. Сендерді көре алмайтын болдым ғой деп жүретін. 1943 жылы қазадан кейін бізді Абыралыдағы нағашы əпкем Айша Сиқымбаева жеткізді. Ол өзі майданға кетсе де оның қызы Шара біздің қанатының астына алды»,- деді.
Айта кетейік, қазақтың танымал ақыны Ілияс Жансүгіров 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан Ілияс 1921 жылы Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп өз ауылында мұғалім болады.
Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, 1922 жылы Верныйдағы Қазақ ағарту институтына меңгеруші болып тағайындалады. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, үш жылда оны бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. 1932-1934 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болады. 1937-1938 жылдардағы сталиндік саяси репрессия кезінде ұсталып, 1938 жылғы ақпанның 26-ы опат болды. Ақынның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу-маржаны саналады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, ұлт болмысын асқақтататын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасын айғақтап отырады. Қазіргі кезде Ілияс Жансүгіровтің атында Алматы мен Астанада көше, Алматы облысына қарасты Ілияс Жансүгіров атында қалашық бар. Ақынның мұражайы Талдықорған қаласында орналасқан.