Илон Маск Қазақстандағы құтқару операциясына назар аударды

АСТАНА. KAZINFORM – Илон Маск Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған бес адамды құтқару сәтінен түсірілген бейнежазбамен X әлеуметтік желісінде бөлісті. Жарияланым 2,3 миллионнан астам қаралым жинады.

құтқарушылар
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Илон Маск бейнежазбаға «Starlink өмірді құтқарады» деп жазған.

в
Әлеуметтік желіден алынған скрин

Оқиға қазан айында Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында болған. Жол талғамайтын көлігі бұзылған бес адам қар құрсауында қалып қойған.

Ұялы байланыс болмағандықтан, азаматтар Starlink спутниктік байланыс жүйесі арқылы көмек сұрап, дабыл белгісін берген.

ТЖМ құтқарушылары «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен шамамен 100 шақырым жол жүріп, бес адамды қауіпсіз жерге жеткізді.

– 2025 жылдың соңынан бастап Қазақстан ТЖМ пилоттық жоба аясында Starlink спутниктік байланыс жүйесін енгізуде. 2026 жылы министрлік бөлімшелерінің иелігінде 100-ден астам терминал бар. Олар командалық-штабтық машиналарға, байланыс және жедел әрекет ету автокөліктеріне орнатылған. Бұл жабдық мобильді байланыс жоқ аумақтарда координаттарды жіберуге, жедел ақпарат алмасуға және іздестіру топтарымен тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді, – делінген министрлік ақпаратында.

Starlink жүйесі бұған дейін де жоғалған адамдарды іздестіру кезінде қолданылған.

Мәселен, 2025 жылғы желтоқсанда Ақтөбе облысында құтқарушылар спутниктік байланыс, ұшқышсыз ұшу аппараты және кинологиялық есептоптың көмегімен 41 жастағы шопанды іздеген. Ер адам Шұбарқұдық ауылынан 30 шақырым жерде тірі табылған.

Ал 2026 жылғы шілдеде Жамбыл облысында Starlink пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану нәтижесінде 19 жастағы шопан Көкбастау жайылымынан 15 шақырым жерде табылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі Starlink жабдығын өндіруші SpaceX компаниясымен спутниктік байланысты қолдану аясын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Министрліктің негізгі мақсаты – елдің шалғай және жету қиын аумақтарында тұрақты байланысты қамтамасыз ету.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ұялы байланыс пен интернет болмаған жағдайда да жоғалған адамның орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін құтқару жүйесі әзірленген болатын. Жүйе SOS сигналы арқылы адамның координаттарын құтқару қызметіне жеткізеді.