Илон Маск Tesla мен SpaceX компанияларын біріктіру идеясын қолдады
АСТАНА. KAZINFORM — SpaceX алғаш рет IPO-дан кейінгі тоқсандық есебінде пайда тапқанын жариялаған соң, Илон Маск SpaceX пен Tesla компанияларын біріктіру мүмкіндігін жоққа шығармады. Жасанды интеллект бағытының қарқынды дамуы мен бұлтты сервистерге жасалған жаңа келісімшарттардың арқасында компанияның кірісі 161%-ға өсіп, 14,6 млрд долларға жетті. Бұл туралы Kazinform Euronews-ке сілтеме жасап хабарлады.
Сарапшылардың компанияларды біріктіру мүмкіндігі туралы сұрағына жауап берген Маск мұндай мәселені талқылау «мина алаңында билегенмен бірдей» екенін айтты. Соған қарамастан, оның пікірінше, екі компанияның бірігуі жақсы шешім болуы мүмкін.
Масктың бұл мәлімдемесінен кейін SpaceX акциялары биржадан тыс саудада шамамен 5% қымбаттады.
Оның айтуынша, акционерлердің өтінішімен SpaceX пен Tesla-да екі компанияны біріктіру мүмкіндігін қарастыратын тәуелсіз директорлардан құралған арнайы комитеттер құрылған. Алайда мүдделер қақтығысына байланысты Маск олардың талқылауына қатыса алмайды.
Илон Маск — екі компанияның да басшысы. Сондай-ақ ол SpaceX директорлар кеңесінің төрағасы және техникалық директоры қызметін атқарады.
Реттеуші органға тапсырылған есепке сәйкес, 30 маусымдағы жағдай бойынша Маск SpaceX акцияларының 48,4%-ына иелік еткен. Дауыс беру құқығы басым акциялардың арқасында оның компаниядағы дауыс үлесі 82%-дан асқан.
Ал Tesla компаниясындағы үлесі шамамен 20% болады.
Маск екі компанияны біріктіру туралы келісімнің шарттары әлі нақтыланбағанын және мәміленің жүзеге асатынына кепілдік жоқ екенін айтты. Сондықтан бірігу туралы шешім қабылданып қойғандай айтуға әлі ерте екенін атап өтті.
Кез келген мәмілені мақұлдау үшін Tesla акцияларының жалпы санының басым бөлігі келісім беруі керек, яғни тек дауыс беруге қатысқан акционерлердің көпшілігінің қолдауы жеткіліксіз. Маск бұл талапты орындау оңай болмайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, жасанды интеллектке арналған бағдарламалық жасақтама әзірлеу, чиптерді жобалау, робототехника және ғарыштағы есептеу қуаттарын пайдалану салаларында тығыз ынтымақтастық орнату екі компанияға да тиімді болмақ.
Бұл мәлімдемелер SpaceX шілде-қыркүйек айларында 4,4 млрд доллар таза пайда тапқанын жариялағаннан кейін жасалды. Бір жыл бұрын осы кезеңде компания 1,1 млрд доллар шығынға ұшыраған еді.
Компанияның кірісі 161%-ға өсіп, 14,6 млрд долларға жетті. Бұл тоқсандық есеп компанияның Уолл-стриттегі саудасының алғашқы кезеңі күрделі болғаннан кейін жарияланды.
SpaceX акциялары Nasdaq биржасында 12 маусымда IPO-дан кейін саудалана бастады. Бастапқы орналастыру кезінде бір акцияның бағасы 135 доллар болып, компания шамамен 85,7 млрд доллар тартты.
Биржаға шыққаннан кейінгі алғашқы есебінде SpaceX екінші тоқсандағы кірісі 7,8 млрд доллар болғанын, ал таза шығыны 541 млн долларға жеткенін хабарлады.
Компанияның қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруына жасанды интеллект бөлімшесі үлес қосты. Қазір SpaceX бұл бағытты Super Intelligence деп атайды. АҚШ президенті Дональд Трамп та «жасанды интеллект» деген тіркестің орнына осы атауды қолданғанды жөн көреді.
Бөлімшенің кірісі бір жылда тоғыз еседен астам өсіп, 7,6 млрд долларға жетті. Осылайша, ол спутниктік интернет қызметін ұсынатын Starlink-тен озып, SpaceX-тің ең көп табыс әкелетін бағытына айналды.
Бұлтты есептеу қызметтері
Компания кірістің өсуін бұлтты қызметтерге қатысты жаңа келісімшарттармен, Grok чат-ботын пайдаланудың артуымен және жасанды интеллект көмегімен бағдарламалау құралдарын әзірлейтін Cursor стартапын сатып алумен байланыстырды.
SpaceX-тің бұлтты есептеу қызметтерін пайдаланатын клиенттерінің бірі – Anthropic компаниясы. Мамыр айында ол Colossus деректер орталықтарының есептеу қуатын пайдалану үшін үш жыл ішінде шамамен 45 млрд доллар төлеуге келісті.
Маусымда бұлтты қызметтерді пайдаланушылар қатарына Google да қосылды. Компания 2026 жылғы қазаннан бастап 2029 жылғы маусымға дейін ай сайын 920 млн доллар төлеуге уағдаласты.
Жасанды интеллект бөлімшесінің операциялық пайдасы 431 млн долларға жетті. Ал бір жыл бұрын бұл бөлімше 1,7 млрд доллар шығынға ұшыраған еді.
Дегенмен жасанды интеллект саласындағы өзге компаниялар сияқты, SpaceX-тің де шығындары әлі де жоғары.
Үшінші тоқсанда SpaceX 19,6 млрд доллар инвестиция салды. Оның 16,4 млрд доллары жасанды интеллект бағытына жұмсалды. Ал тоғыз айдағы күрделі шығындардың жалпы көлемі 48 млрд долларға жетті.
Компанияның есептеу қуаты бір жылда 0,6 гигаваттан 1,7 гигаватқа дейін артты.
Маск 2027 жылы тағы 10 гигаватт есептеу қуатын іске қосуға «әбден сенімді» екенін айтты.
Бұл жаңа қуаттар жыл соңына қарай іске қосуды жоспарлап отырған 2,5-3 гигаватт қуатқа қосылады.
Масктың айтуынша, есептеу қуатын арттыруға электр энергиясының тапшылығы, салқындату жүйелері мен электр жабдықтарының жеткіліксіздігі кедергі келтіріп отыр.
Starlink спутниктік интернет бөлімшесінің кірісі 69%-ға өсіп, 5,2 млрд долларға жетті. Абоненттер саны 13,6 млн-ға дейін артты.
Алайда бір абоненттен түсетін орташа айлық табыс бір жыл бұрынғы 83 доллардан 69 долларға дейін төмендеді.
SpaceX сонымен қатар Масктың Марсты игеру жоспарының негізгі бөлігі әрі спутниктерді жаппай орбитаға шығаруға арналған алып Starship зымыранын алғаш рет коммерциялық мақсатта ұшырды.
Зымыран орбитаға жаңа буындағы 26 Starlink спутнигін шығарды.
Еске салайық, мұның алдында Илон Маск әлеуметтік желіде өз компанияларының активтерін балаларға үлестіріп бермек ойы барын мәлімдеген еді.