Илон Маск Трампты Эпштейнге қатысты құжаттарды жариялауға шақырды

НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM – Америкалық кәсіпкер Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трампты миллиардер Джеффри Эпштейнге қатысты құжаттарды жариялауға шақырды. Эпштейн сексуалдық зорлық-зомбылық пен жезөкшелік желісін ұйымдастыру бойынша айыпталған еді және түрмеде көз жұмған, деп жазды Анадолы.

Илон Маск Трампты Эпштейнге қатысты құжаттарды жариялауға шақырды
Фото: Анадолы

Трамп өз жазбасында: «Эпштейн туралы тым жиі айтып жүрміз, бұлай болмауы керек», — деген болатын.

Маск оның сөзіне таңданып: «Сіз шынымен байыпты айтып отырсыз ба?» — деп жазды.

Бұған дейін Трамп Эпштейннің есімін бірнеше рет атаған, бірақ кейінірек бұл тақырыпты қайта-қайта көтерудің қажеті жоқ екенін мәлімдеген.

Илон Маск өзінің жауабында:

«Жай ғана уәдеңізге сай құжаттарды жариялаңыз», — деп Трампты ашықтыққа шақырды.

Трамптың айтуынша, Эпштейнге қатысты досьелер демократтар басқарған алдыңғы әкімшіліктер кезінде жасалған. Ол бұл тақырыптың әлі күнге дейін талқыланып жатқанына наразылық білдіріп, құжаттар Барак Обама мен Джо Байден әкімшіліктері кезінде дайындалғанын айтты.

— Неліктен біз бұл құжаттарға сонша мән береміз, оларды Ресеймен байланысты жалған ақпарат таратқан адамдар жазған? — деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маск «Америка» атты жаңа саяси партия құрылғанын жариялаған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар