Илон Масктың байлығы $500 млрд-қа жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық кәсіпкер Илон Масктың байлығы $500 млрд-қа жетіп, жаңа тарихи межені еңсерді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Илон Маск
Фото:britannica.com

Ол X әлеуметтік желісі, SpaceX, xAI және Tesla компанияларының иесі.

Forbes дерегінше, 1 қазандағы сауда қорытындысы бойынша Масктың капиталы 500 млрд долларға жеткен. Кейін көрсеткіш сәл төмендеп, 499,1–499,5 млрд доллар аралығында бағаланды. Тек Tesla акцияларының бір күнде 4 пайызға өсуі бизнесменнің байлығын 9,3 млрд долларға арттырған.

Сарапшылар Масктың байлығының өсуін бірнеше факторлармен байланыстырады. SpaceX компаниясының құны соңғы айларда 50 млрд долларға өсіп, жалпы бағасы 168 млрд долларға жеткен. Сонымен бірге xAI компаниясы мен X әлеуметтік желісінің бірігуі нәтижесінде жаңа xAI Holdings құны 113 млрд долларға бағаланды. Масктың үлесі – 53 пайыз, шамамен 60 млрд доллар.

Forbes-тың ең бай адамдар рейтингінде Маск алғаш рет 2021 жылы Amazon негізін қалаушы Джефф Безосты басып озған еді. Ол кезде кәсіпкердің дәулеті 271,3 млрд доллар деп бағаланған. Содан бері ол бірнеше рет рейтингтегі көшбасшылықты жоғалтып, қайта қайтарып отырды.

Миллиардерлер рейтингінде Маск бірінші орында тұр. Екінші орында – Oracle компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ларри Эллисон ($351,6 млрд), үшінші орында – Meta компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг ($246,1 млрд). Сондай-ақ тізімде Amazon негізін қалаушы Джефф Безос ($233,2 млрд) пен Google негізін қалаушы Ларри Пейдж ($204,6 млрд) бар.

Бұған дейін Илон Маск компаниясында 500 қызметкер қысқартуға ұшыраған болаты.

Соңғы жаңалықтар