Ым тілін қазақшалаған стартап британдық Tatler журналының сыйлығын жеңіп алды

АСТАНА.KAZINFORM - Ым тілін қазақша ғылыми тұрғыда зерттеп, алғашқы цифрлық сурдоаударма жүйесін жасаған стартап Tatler Impact Awards сыйлығы «Инновация» аталымының үздігі атанды.

Нұрзада Амангелді
Коллаж: Kazinform

Жоба авторы Нұрзада Амангелдінің айтуынша, ғылыми зерттеу барысында ым тілінің қазақша зерттелмегені анықталған.

Jibek Joly телеарнасынан скрин
Фото: Jibek Joly телеарнасынан скрин

— Диссертация жазу кезінде зерттеу жүргізіп, қазақ ым тілінің мүлде қалыптаспағанын көрдім. Қазақша ым тілі жеке тіл бола алады деген тұжырым жасап, оны дәлелдеу үшін үлкен база жинауға тура келді, - дейді ол.

Бүгінде стартап командасында тоғыз адам жұмыс істейді. 2023 жылы халықаралық қаржыландыру алғаннан кейін сөздік база жинау, лингвистикалық сараптама және техникалық модельдеуді қатар жүргізу басталған.

Нұрзада Амангелді
SignBridge.kz сайтынан скрин

– Команда мектептер, интернаттар мен арнайы орталықтармен жұмыс істеп, қазақ ым тілінің сөздік қорын өздері қалыптастырды. Көптеген лингвистер ымды жалпы қимыл ретінде қарастырғандықтан, нақты материал табу қиын болды. Ақпараттың 60%-ы қол қимылымен, 40%-ы ерін мен мимика арқылы беріледі. Егер адам қазақша сөйлейтін болса, оның артикуляциясы да қазақша. Демек, қазақ ым тілі жеке тіл ретінде қарастырылуы тиіс, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол «Jibek Joly» телеарнасы Қазақстандағы алғашқы жобаны жүзеге асырып, мультфильмдерді сурдо-аудармаға автоматтандыру жұмыстарын жүргізгенін атап өтті.

Нұрзада Амангелді
SignBridge.kz сайтынан скрин

— Дайын суфлер мен мәтіндер арқылы ым тілін аудару 3-4 ай уақытқа созылды, Фиксик мультфильмінің әзірлеушілерімен аватардың сыртқы келбеті бойынша келіссөздер жүргіздік. Ал мультфильмді аудару жұмыстары бір ай уақыт алды, - деді жоба авторы.

Жоба бірнеше пилоттық сынақтан өткен. Қазір ТЖМ-мен келісімшартқа дайындық жүріп жатыр, Еңбек Skills-пен пилоттық жоба іске қосу жоспарланған. Команда қосымша білім беру ұйымдарының контентін де аударып, білімге қолжетімділікті арттырып келеді.

Нұрзада Амангелді
SignBridge.kz сайтынан скрин

 

Алдағы басты мақсат - сурдоаватардың қимылын шынайы деңгейге жақындату. Ол үшін Даниядан арнайы сенсорларға тапсырыс берілген. Болашақта жүйе қолданысқа ыңғайлы қосымша модуль форматында ұсынылмақ.

Айта кетейік, бұған дейін жасанды интеллектінің көмегімен ым тілін қазақшалау жобасын қолға алған ғалым Нұрзада Амангелді жайлы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар