Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамыту үшін инвесторларға 20-ға жуық жер учаскесі берілді

жер телімі
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Айыртау ауданында болып, агрокәсіпорындардың жұмысын көрді.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, осы аудандағы "Saumalkol Sut" серіктестігі ірімшік өндірісіне арналған цехті үлкейтіп жатыр. Нәтижесінде кәсіпорын жылына 450 тонна ірімшік өнімдерін шығаратын болады. 

Ал «Агро Елецкое» ЖШС 400 гектарда тамшылатып суару технологиясын енгізді, енді суарылатын аумақты 1 мың га жеткізбек. Мұнда қазір 10 мың тонналық жаңа көкөніс сақтау қоймасының құрылысын жүріп жатыр, болашақта оның қуаты 35 мың тоннаға дейін жеткізілмек. Заман талабына сай жұмыс істеп жатқан шаруашылық нақты уақыт режимінде дала жағдайында топырақ параметрлерін көрсететін цифрлық анализаторды да сатып алған. 

Іс-сапар барысында СҚО әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдарын талқылады. Қазір Саумалкөлде балаларды қолдау орталығы және Константиновка елді мекенінде мектеп-балабақша күрделі жөнделіп жатыр. Ауданда ауылдарды сумен қамту мәселесі де шешілу үстінде. Шалқар мен Антоновка елді мекендерінде локалды су жүйесі мен тарату желілері салынбақ. Нәтижесінде Антоновкада 437 үй су желісіне қосылмақ.

Облыс әкімі тарихи мекен – Айғаным қонысында болып, туризм саласындағы кәсіпкерлермен кездесу өткізді. 

«Мемлекет Имантау-Шалқар курорттық аймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін тартымды жағдай жасауда. Жыл бойы жұмыс істейтін экоқонақ үйлерді, глэмпингтер мен автокараванингті дамыту үшін курорттық аймақтағы инвесторларға 19 жер учаскесін бердік. Бұл курорттық аймаққа туристер ағынын екі есеге өсіруге мүмкіндік береді», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Бұған дейін Петропавлда тасқыннан зардап шеккендерге арналған Солнечный-2 шағын ауданында балабақша құрылысы басталғанын айтқан едік. 

Соңғы жаңалықтар