Улы газдан қалай сақтану керек - ТЖМ тұрғындарға ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Жылыту маусымында пештер мен жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбау улы газдан улану қаупін арттырады. Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.

улы газды анықтайтын датчик
Фото: Алматы ТЖД баспасөз қызметі

Иіс газының басты қауіптілігі – оның түсі де, иісі де жоқ. Сондықтан адам оны көзбен көріп немесе иісінен сезіп анықтай алмайды.

Министрлік мәліметінше, пештің зақымдануы, мұржадағы тартудың нашарлауы, күйенің жиналуы немесе бөлмедегі ауа алмасудың жеткіліксіздігі улы газдың жиналу қаупін арттырады.

– Иіс газын көзбен көру немесе иісінен сезу мүмкін емес. Сондықтан пешті, жылыту жабдықтарын, мұржалар мен желдету арналарын қауіпсіз пайдалануды алдын ала қамтамасыз ету маңызды. Пештің зақымдануы, мұржадағы тартудың нашарлауы, күйенің жиналуы немесе ауа алмасудың жеткіліксіздігі иіс газының пайда болу қаупін арттырады, – делінген министрлік хабарламасында.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту маусымы басталар алдында және оның барысында мынадай сақтық шараларын орындауға кеңес береді:

  • Пештер мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын тексеру;

  • Мұржаларды күйеден тазарту;

  • Пешті қарап, жарықтар мен басқа да зақымдардың жоқтығына көз жеткізу;

  • Пештің алдына металл төсем орнату;

  • Электр сымдарының, розеткалар мен ажыратқыштардың жай-күйін тексеру;

  • Өрт хабарлағышын орнату;

  • Жылу көздерінің жанында киім мен басқа да тез тұтанатын заттарды кептірмеу.

Мамандар жылыту жабдықтары мен желдету жүйелерінің қауіпсіздігін алдын ала қамтамасыз ету улы газдан улану қаупін азайтуға көмектесетінін еске салады.

Айта кетейік, бұған дейін жылыту маусымына дайындық кезінде елімізде 74,5 мың тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігі жақсартылып, 5 мыңнан астам датчик орнатылғанын хабарлаған едік. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, мұндай құрылғылардың көмегімен 290 адам улану мен өлімнен аман қалған.