Жылыту маусымындағы қауіп: тұрғындар нені ескеруі керек

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жылыту маусымына дайындық барысында 74,5 мың тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігі жақсартылып, 5 мыңнан астам датчик орнатылды. Мұндай құрылғылардың көмегімен 290 адам улану мен өлімнен аман қалған. Өрттің алдын алу үшін тағы қандай шаралар қолға алынды, кімдерге тегін көмек көрсетіледі және тұрғындар нені ескеруі керек? 

Жылыту маусымындағы қауіп: тұрғындар нені ескеруі керек
Фото: Kazinform/ЖИ

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Руслан Қайрақбаев брифингте мәлім етті.

Өрттің алдын алу үшін не істеліп жатыр?

15 тамыздан бері республикалық өрт қауіпсіздігі акциясы өтіп жатыр. Оның аясында мамандар тұрғын үйлерді аралап, пештер мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану жолдарын түсіндіреді. Қажет болған жағдайда анықталған ақауларды жоюға да көмектеседі.

Руслан Қайрақбаевтың айтуынша, әсіресе әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың баспаналарына ерекше көңіл бөлінеді.

— Бүгінде әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар тұратын 96 мыңнан астам үй есепте тұр. Бұл тізім үйлерді аралау барысында нақтыланып отырады. Әкімдіктер мен еріктілердің көмегімен 74,5 мың үй өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендірілді, — деді ол.

Есепке алынған баспаналардың барлығы алдын алу шараларымен қамтылған. Алайда жұмыс мұнымен аяқталмайды. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған үйлерге мамандар қайта барып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

2 500 теңгелік құрылғы адам өмірін сақтай ала ма?

Тұрғын үйлерге газ бен жану өнімдерінің қауіпті мөлшерін анықтайтын арнайы датчиктер орнатылып жатыр. Олар ауадағы қауіпті газ мөлшері артқанда дабыл беріп, тұрғындарға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

ТЖМ мәліметінше, датчиктер орнатыла бастағаннан бері олардың қауіп туралы дабыл берген 68 жағдайы тіркелген. Соның арқасында 290 адам улану мен өлімнен аман қалған.

— Бір датчиктің бағасы шамамен 2 500 теңгеден басталады. Мұндай құрылғы тұтас бір отбасының өмірін сақтап қалуы мүмкін, — деді Руслан Қайрақбаев.

Өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерге 51 мыңнан астам датчик орнатылса, биыл 15 тамыздан бері тағы 5 мыңнан астамы қойылған.

Дегенмен құрылғының пайдасы оның дұрыс жұмыс істеуіне де байланысты.

— Датчикті орнату жеткіліксіз. Оның жарамдылығын үнемі тексеріп, батареясын уақытылы ауыстырып, тазалап отыру қажет. Әйтпесе, қауіп төнген кезде дабыл бермеуі мүмкін, — деп ескертті ТЖМ өкілі.

Кімдерге тегін көмек көрсетіледі?

Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға датчиктер жергілікті бюджет есебінен тегін орнатылады. Ең алдымен, табиғи газ тартылмаған, көмірмен жылытылатын үйлерге басымдық беріледі.

Сонымен қатар жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйлеріндегі түтін мұржалары тазаланып, жылыту пештерінің ақауларын жөндеуге көмек көрсетіледі.

— Біздің қызметкерлер есепке алынған үйлерге барып, түтін мұржаларын тазалайды. Пештердің жарықтары мен басқа да ақаулары болса, жөндеуге көмектеседі. Бұл жұмыстар тегін жүргізіледі, — деді Руслан Қайрақбаев.

Бұл іске әкімдіктер мен еріктілер де атсалысады. Негізгі мақсат — өздігінен жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ тұрғындардың баспанасындағы өрт қаупін азайту.

«Ата-ананың үйін тексер» акциясы басталды

8 қазанда елімізде «Ата-ананың үйін тексер» республикалық акциясы басталды. Ол 10 желтоқсанға дейін жалғасады.

Акция тұрғындарды қарт ата-анасының, әсіресе ауылдағы үйінің өрт қауіпсіздігіне назар аударуға шақырады.

— Ата-анасы ауылда тұратын азаматтар олардың үйіндегі электр сымдары мен жылыту пештерінің жағдайын тексергені жөн. Ақау болса, уақытылы жөндетіп, қажет болған жағдайда датчик орнату керек, — деді Руслан Қайрақбаев.

Оның айтуынша, мұндай сақтық шараларын өз үйінде және басқа да жақындарының баспанасында жүргізу маңызды.

Төтенше жағдайлар министрлігі жылыту маусымында пештер мен электр сымдарының жарамдылығын қадағалауға кеңес береді. Пештің жарықтарын уақытылы бітеп, түтін мұржаларын тазарту қажет.

Ақауы бар электр құрылғыларын пайдалануға, қосулы тұрған жабдықтарды қараусыз қалдыруға болмайды. 

Руслан Қайрақбаев өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Еске сала кетейік, бұған дейін тұрғын үйлердегі өрттің шамамен 40 пайызы электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан шығатынын жаздық.