Инактивтелген вакцинаның артықшылығы неде
- Рафаиль Көпбосынұлы, вакцинация науқаны бізге қандай кепілдік береді?
- Эпидемиологияда «ұжымдық иммунитет» деген түсінік бар. Бұл дегеніміз не? Бұл халықтың 60 пайыздан астамының ауырып тұрғанын немесе вакцинация алғанын білдіреді. Сондықтан біз осынау цифрға жеткен кезде пандемияны жеңдік деп айтуға болады. Бұл ретте мұндай көрсеткішке ауырып және одан жазылғандар есебінен қол жеткізген жөн емес. Ұжымдық иммунитет болған кезде коронавирус инфекциясы жылдам таралмайды. Соның арқасында локдаун мен шектеулерден арыла аламыз. Бірден айтайын, вакцина адамның ауырмайтынына кепіл бола алмайды. Бұл орайда вакцина аурудың симптомсыз немесе жеңіл түрде өтетініне кепілдік бере алады. Сондықтан халықта ұжымдық иммунитет қалыптасуы тиіс. Эпидемиология заңына сәйкес, иммундық қабатқа түзілуі үшін халықтың 60 және одан да көп пайызын вакциналау қажет. Ұжымдық иммунитет дәл осындай көрсеткішке қол жеткізгенде қалыптасады.
- Адамға вакцинаның екі дозасы салынатыны белгілі. Соны бірден емес, біртіндеп, араға уақыт салып егудің қажеттілігі қанша?
- Біз қазір сөз етіп отырған «Спу́тник V» - векторлы акцина. Бұл нені білдіреді? Коронавирустың тікенді ақуызы ағзаға белгілі аденовирусқа түзіледі де одан кейін векторлы құрылымға енгізіледі. Барлық штаммдар жасушаларға толық жетуі және соған орай иммундық жауап қалыптасуы үшін вакцина екі дозамен салынады. Яғни, нәтижеге вакцинаны екі дозамен салу арқылы қол жеткізіледі.
- Вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейін қандай да бір іс-шараларды сақтау қажет пе?
- Вакцинаның бірінші дозасын салдырғаннан кейін де жұқтырып алу тәуекелі жоғары. Осыдан екі апта бұрын ғана үлкен шу болған еді. Алматы қаласында дәрігерлердің бірі вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейін коронавирус жұқтырып алды. Содан интернетте «вакцина вирустан қорғамайды» деген сияқты пікір білдіріп, хайп қуғандар көбейіп кетті. Осы орайда әріптесімнің иммунология негіздерін білмейтінін немесе оны ұмытып қалғанын айта аламын. Иммунитет пен қорғаныс екінші доза салынғаннан кейінгі үшінші аптаға қарай қалыптасады. Яғни, екінші доза егілгеннен кейін үш апта өткен соң ғана иммунитеттің қалыптасқаны туралы айтуға болады. Ал оған дейін бірінші дозаны, одан кейін екінші дозаны алған адам сол сәтте вакцинацияланбаған адамнан еш айырмасы болмайды. Сондықтан бірінші дозаны салдырғаннан кейін масканы шешіп тастап, санитарлық ережелерді бұзған адамдар ауырып қалуы мүмкін. Үш апта бойы вакцинацияланғанға дейінгі барлық сақтық іс-шараларын ұстану, яғни антисептик пайдадалану, әлеуметтік арақашықтық сақтау, маска тағу қажет.
- Ал маскадан қашан құтыламыз?
- Халықтың 60 пайызы вакцинацияланбайынша, ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша бұл жайында айту қиын. Вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін үш апта өткен соң маска тақпауға болады. Бірақ, оның қандай мәні бар? Тіпті коронавирустың жеңіл түрімен де ауырып қалуың мүмкін болса, онда өзіңді тәуекелге ұшыратудың қажеті қанша?
- Вакцинаның тиімділігіне қатысты не айтар едіңіз?
- Вакцинаның тиімділігіне қатысты әңгімені сәл кейінірек бастағаным жөн болар. Ал қазір мына жайтты нақты түсінуіміз керек. Біз коронавируспен ауырып тұрғаннан кейін ағзамызда антидененің шамамен 6-8 ай болатынын білеміз. Вакцинация басталғаннан кейін мынадай жайтты түсіну қызық болып отыр. Егер антидене ағзада 6-8 ай болса - жақсы, одан көп уақытқа созылса - керемет. Ал антидененің ағзада болуы уақыты қысқа болса, онда вакцина салдырудың мәні жоғалады. Сондықтан вакцинаның тиімділігі жайлы жарты жыл өткен соң вакцинацияланған адамдардағы антиденені өлшеу арқылы айтуға болады.
- Инактивтелген вакцинаның артықшылығы қандай?
- Қазақстандық QazVac инактивтелген вакцина саналады. Инактивтелген вакцина дегеніміз не? Вирус алынып, ол түрлі жолдармен өлтіріледі. Өлген вирустан вакцина дайындалып, ағзаға енгізіледі. Басымдығы бұл өте ескі әдіс екендігінде. Соған орай ол жан-жақты зерделенген. Оның жанама әсерлері де болжамды әрі ол да зерделеніп қойған. Ал вакцинаның кемшіліктері немесе артықшылы жайында оның клиникалық нәтижелерін көргеннен кейін ғана айта аламыз. Ескі әдіс – бұл оның өзгелерден жаман дегенді білдірмейді.
- Вакцина салдыруға адамдардың бойында қорқыныш сезімі бар екені белгілі. Ол немен байланысты?
- Меніңше, бұл қазіргі заманғы түрлі әдістер арқылы өз ақпараттарын таратып отырған вакцинаға қарсы адамдардың белсенді әрекетімен байланысты сияқты. Екінші жағынан ресми сенімді ақпараттың жоқтығы немесе оның тапшылығы да себеп болуы мүмкін. Өзім шынайы әрі нақты ақпараттарды халыққа жеткізуге тырысып отырамын. Мысалы менің Instagram парақшамда жазылушылардың саны «вакцина – бұл чиптеу» деген сынды жалған ақпараттарды насихаттап жүргендердің оқырмандарынан ондаған, жүздеген есе аз. Адамның табиғаты да сондай. Коронавирус - мүлдем жаңа инфекция. Өлім-жітімнің, жұқтырудың көп екенін көріп жүрміз. Шынайы ақпарат аз. Ақпарат мардымсыз болған кезде, адамдар ойлана бастайды және «чиптейді», «5G мұнарасы арқылы бізді басқарып отырады» деген сынды ертегілерге сеніп қалады. Мұны иммунология бойынша ғылыми мәліметтерге қарағанда оқуға тартымды әдемі фантастикалық әңгіме десек те болады.
Вакцинаға қатысты мәліметтер тым аз болғанымен екпеден кейінгі алғашқы мәліметтер күрделі асқынулардың көп еместігін көрсетіп отыр. Жалпы, вакцина жақсы өсетінін көрсетті. Вакцина алғандардың жай-күйі жақсы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, халықты вакцинациядан қорықпауға шақырамын және вакцина аурудың алдын алудың сенімді әдісі екені дәлелденгеніне назар аудартқым келеді.
- Сұқбатыңызға рахмет!