Індетпен күресте психологиялық та көмек керек – дәрігер

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ желеңді жандар аз емес. ҚазАқпарат тілшісі солардың бірі, Бәйтерек аудандық ауруханасының дәрігері Азамат Ізбасовпен сұхбаттасқан еді.
None
None

Азамат Ізбасов дертке шалдыққан адамдарды емдеуге реаниматолог маман ретінде тартылған болатын.

-Азамат Бисенбайұлы, алдымен төл мерекең құтты болсын, науқастарды емдеу жұмыстары қалай жүріп жатыр, өзің нендей үлес қосып жүрсің?

-Рахмет, мейрамға қарамастан, кезекшілік міндетімді атқарудамын. Ауруларды емдеумен инфекционист дәрігерлер айналысуда. Біз, реаниматологтар оларды қолдау бағытында дерт ауырлаған жағдайда қосыламыз. Науқастар вирусқа, бактерияға қарсы дәрі-дәрмектермен емделеді. Қосымша сырқаты болса, басқа да дәрілер белгіленеді. Мен өзім рентгенолог ретінде жұмыс істеудемін. Рентген пленкаларын қарап, зерделеймін. Кейбір науқастарға жасанды тыныс алу аппараты, интенсивті ем алу керек болатындықтан, анестезиолог, реаниматолог ретінде жәрдемдесемін. Трансфузиолог ретінде әзірге қажеттілік бола қойған жоқ.

-Індет науқастармен қарым-қатынаста болғандарға жұға ма, қалай ойлайсың?

-Қарым-қатынаста болғандардың бәрі бірдей ауыра бермейді. Бұл көп нәрсеге байланысты. Иммунитет мықты болса, адам кез келген ауруға алдыра қоймайды. Бойында түрлі сырқаты барлар үшін қауіпті. Сонымен қатар коронавирус жұқтырған адаммен байланыстың жиілігіне қатысты. Бұрын Covid-19-бен ауырған жағдайда ағзадағы антителдің қалыптасуына да байланысты болады.

-Ал дерт көшеде жұға ма, ауырмау үшін не істеу керек?

-Өте тығыз қарым-қатынас жасамаса, көшеде жұғады деу қиын. Өйткені қоршаған ортада, әсіресе, қатты күн сәулесінен вирус өледі. Ауру көбіне жабық орындарда, көлікте жұғады деп ойлаймын. Тұрғындардың соңғы кезде көптеп түсіп жатқаны сондай, өзім жұмыс жасайтын инфекциялық стационар лық толы. Ауырмау үшін, әрине, сақтық шараларын еш ұмытуға болмайды.

-Ковидті пневмониямен шатастырып алу мүмкін бе?

-Мұның айырмашылығы, әдетте пневмония бактериялық инфекциядан туындайды. Біз оны табысты емдеп те жүрміз. Ал ковид кезінде пневмония қатты асқынады. Дерт екі өкпені жеп қояды, сондықтан емдеу де қиындай түседі. Сондықтан коронавирустың алғашқы белгілері байқалған кезде қаралу керек. Белгілері де әр түрлі, көбіне жөтел, тамақ жыбырлап, жұтынғанда ауырады, мұрын бітеледі, ал қызу әр уақытта көтеріле бермейді.

-Қазір ауруханада қанша адам жатыр, жағдайлары қалай?

-Күні бүгін емделушілердің ішінде ауыр халдегілер жоқ. Бәрі де жеңіл және орташа ауыр күйде. Өкінішке қарай, жуырда 77 жастағы кейуана өмірден озды.

-Инфекциялық стационарда мамандар жетісе ме?

-Мамандар бар, дегенмен психологтар керек деп ойлаймын. Себебі науқастарға да, дәрігерлерге де оңай емес, психологиялық көмек қажет болып жатады.

Жалпы, тәжірибелі инфекционист дәрігеріміз Елена Колпакова бөлімшеге жетекшілік жасаса, жас хирургымыз бар. Жақында Тасқала ауданынан келген тағы бір жас маман, сауатты терапевт Абылайхан Самбаев қосылды.

Командамыз мықты деп ойлаймын. Тіл-көз тимесін, індет басталғаннан бері біздің бөлімшедегі медицина қызметкерлері арасында ешкім ауырған жоқ.

Алдағы уақытта да өз міндет-борышымызды абыроймен атқаруға күш-жігерімізді жұмсай беретін боламыз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дәрігер Сымбат Әріпжанқызы егер халық шектеу шараларын сақтамаса, барлық еңбек зая кетуі мүмкін екендігі жөнінде мәлім етсе, Елена Колпакова үйде емделетіндер мұқият болып, ауруды асқындырып алмау керектігін айтқан болатын.





Соңғы жаңалықтар