Индонезия алғашқы АЭС-ін адам тұрмайтын аралда салуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Индонезия билігі көмірге тәуелділікті азайтып, декарбонизация мақсаттарына жету үшін алғашқы атом электр станциясын салу жоспарын қайта қолға алды. АЭС салынуы мүмкін негізгі орындардың бірі – адам тұрмайтын Семесак аралы, деп хабарлайды Kyodo News.

Индонезия алғашқы АЭС-ін адам тұрмайтын аралда салуды жоспарлап отыр
Фото: Kyodo News

Индонезия атом энергетикасын дамыту жоспарын алғаш рет 1990 жылдардың ортасында қарастырған. Алайда 2011 жылы Жапониядағы «Фукусима-1» АЭС апатынан кейін бұл бастама кейінге қалдырылды. 2014 жылы атом энергетикасы ел үшін «соңғы таңдау» ретінде белгіленсе, былтырдан бастап «стратегиялық таңдау» ретінде қарастырыла бастады.

Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі елдегі алғашқы АЭС-ті 2032 жылдан ерте емес мерзімде іске қосуды жоспарлап отыр. 2060 жылға қарай атом энергетикасының бастапқы энергия теңгеріміндегі үлесін 12,1%-ға дейін жеткізу, ал орнатылған қуатты 35–42 ГВт-қа дейін арттыру көзделген.

Болашақ АЭС салынуы ықтимал орындардың қатарында Борнео аралындағы Батыс Калимантан провинциясына қарайтын Семесак аралы мен Бангка-Белитунг аралдық провинциясы бар. Билік Семесак аралына басымдық беріп отыр.

Адам тұрмайтын Семесак аралы Сунгай-Рая ауылынан 900 метр қашықтықта орналасқан. Жергілікті билік АЭС өңірге жаңа өндірістер тартуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.

– Атом энергетикасы – таза энергия. Бұл дамыған мемлекеттің белгісі. Біз Оңтүстік-Шығыс Азияда АЭС-ті алғаш іске қосқан ел болуды көздейміз, – деді Бенгкаянг округінің басшысы Себастианус Дарвис.

Оның айтуынша, станция Индонезияның салынып жатқан жаңа астанасы Нусантараны электр энергиясымен қамтамасыз етіп, болашақта электр қуатын шетелге экспорттауға да мүмкіндік беруі мүмкін.

Дегенмен жергілікті тұрғындар мен сарапшылар АЭС қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Индонезияда жер сілкінісі мен жанартау атқылауы жиі болады. Семесак маңындағы суларды балықшылар да тұрақты пайдаланады.

– Әрине, алаңдаймын. АЭС-тің ықтимал салдарынан қорқамын. Чернобыль мен Фукусимадағыдай апат болуы мүмкін деп қауіптенемін, – деді жергілікті балықшы Харипан.

Индонезияның атом энергетикасына көшу жоспарына басқа мемлекеттер де қызығушылық танытып отыр. Жапония наурызда Индонезиямен атом энергетикасын енгізуге көмектесу жөніндегі меморандумға қол қойды. Ресейдің «Росатом» корпорациясы да жобаға техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Индонезия билігі бірінші кезекте шағын модульдік реакторлар салуға басымдық бермек.

Алайда Essential Services Reform институтының атқарушы директоры Фабби Тумива жобаның экономикалық тиімділігі мен қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Оның пікірінше, елде көмір энергетикасын алмастырып, декарбонизация мақсатына жетуге мүмкіндік беретін жаңартылатын энергия көздері жеткілікті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Дунайдың тартылуы салдарынан Румыния жалғыз АЭС-ін тоқтатқанын жаздық.

Ал Армения жаңа АЭС құрылысы бойынша бес елмен келіссөз жүргізеді.