Индонезия сапары: 10 мың адамдық қаладағы халықаралық әуежай

АСТАНА. Kazinform – Индонезияның Қазақстандағы елшілігі бірнеше БАҚ өкілі мен кино мамандарының, Бали аралында кәсіппен айналысып жүрген қазақстандықтардың басын қосып, ақпараттық саяхат ұйымдастырды. Делегация құрамында Kazinform тілшісі Есімжан Нақтыбай да болды. Назарларыңызға осы сапардың алғашқы материалын ұсынып отырмыз.

индонезия
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Астанадағы Назарбаев халықаралық әуежайы, Ташкенттегі Ислам Кәрімов атындағы халықаралық әуежай, Жақартадағы Ахмед Сукарно атындағы халықаралық әуежай. Ақпараттық саяхат осылайша кілең алғашқы президенттер атындағы әуежайлардың арасында ұшып-қонудан басталған еді.

Жақарта әуейжайынан шыққан бойда көзімізге ары-бері қайшыласқан жеңіл рельсті трамвайлар оттай басылды. Ойымызға бірден Астанадағы LRT құрылысы түсті.

Индонезия
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Ел астанасында түнеу үшін аялдағандықтан 18 млн тұрғыны бар алып мегаполистің тынысымен танысып үлгеру мүмкін болмады. Байқағанымыз, жол қозғалысы Жапониядағыдай сол жаққа бағдарланған. Қала жолдары ақылы және ақысыз деп екіге бөлінеді. Діттеген жерге кептеліссіз жеткіңіз келсе, ақылысын таңдайсыз.

Жақарта Индонезияның батысында жатыр. Шығыстағы Лабуан-Баджо қаласына жету үшін тағы ұшаққа мініп, 2,5 сағат ұштық.

Индонезия
Фото: www.majalahbandara.com

Бұл жерде бізді Индонезия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мырза жергілікті шенеуніктермен бірге қарсы алды.

индонезия
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Жасыл орманға оранған Лабуан-Баджо қаласында 10 мың ғана тұрғын бар екенін сондағы жергілікті атқамінерлерден естідік. Соған қарамастан халықаралық әуежай салып тастаған. Бұл шағын қала Батыс Манггарай аймағының орталығы болып есептеледі. Өңірдің туризм саласындағы әлеуетіне мемлекет зор сенім артылып отыр.

Индонезия
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Лабуан-Баджо Флорес аралының бір шетінде жатыр. ХVI ғасырда осы маңды төңіректеген португалдар аралдың пішінін гүлге ұқсатса керек, Flores деп атау берген екен. Кейін Голландияның қарамағына өткен аралды Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапония басып алады. 1945 жылдың 17 тамызында Индонезия тәуелсіздік алған кезде Флорес аралы да Жақартаның қарамағына өткен. Арада 70 жыл өткен кезде ғана Лабуан-Баджоға мемлекеттің айрықша назары ауады. Өйткені, Бали феномені Индонезияның инфрақұрылым тартуға қолайлы аралдарын туризм жұмағына айналдыруға болатынын көрсеткен еді.

индонез
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Тыс Манггарай регенттігі мэрінің орынбасары Юлианус Венг бұл саясат қазірдің өзінде жемісін бере бастағанын айтады.

«Президент Джоко Видодоның арқасында Лабуан-Баджо қаласы жақсы дамып келеді. Лабуан-Баджоның инфрақұрылымын дамыту 2019 жылы пандемия басталғанға дейін қолға алынған болатын. Қазір сол кезде салынған инвестицияның алғашқы жемісін көріп жатырмыз. Туристер ағыны арта бастады. Кейбір жерүйлерде бұрын телеарна толқыны, интернет болмаса, қазір бәрі толық қамтылған. Қазіргідей қонақүйлер, жолдар, мейрамханалар болмаған. Балықшылардың қалашығы ғана еді. Өркениеттің соңғы жетістіктері кейінгі 4-5 жылдың ішінде жаппай орнады. Балиге келген туристердің кейбірі біз жаққа соға кететін әдет тауып алды. Өйткені, екі ара сонша қашық емес. Қазір Бали билігімен тығыз байланыстамыз. Солардың тәжірибесін өзімізге үлгі етіп алып отырмыз. Әсіресе, турист тарту тәсілдерін үйренуіміз керек. Өйткені, Лабуан-Баджоны білетіндер аз», - дейді жергілікті шенеунік.

Юлианус Венг
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Лабуан-Баджоны туристік қала ету туралы шешім қабылданғанға дейін бұл жердегі әуе айлағы тым шағын болған екен.

«Туризмді дамыту үшін әуе қатынасын дұрыстап жолға қою керек еді. Сондықтан Жақартадан, басқа қалалардан да бірнеше рейс ашуды өтіндік. 2019 жылға дейін мұндағы әуежайда тікұшақтар ғана ұшып-қона алатын. Туризмді дамытуды әуежайды кеңейтуден бастадық. Өйткені, аралға жан-жақтан келіп жатқан құрлық жолы аз. Мұхиттан кіру де соншалық арзан емес. Ең сенімді жол әуеде болғандықтан әуежайды кеңейттік. Президент туризмді дамытудағы әлеуеті жоғары 10 аралды таңдап алған болатын. Соның ішінде 5 арал жақсы дамып келеді. Лабуан-Баджо да солардың қатарында», - дейді ол.

Бұл қала әлемге «варан» деген атпен танылған алып кесірткелер мекен ететін Комодо аралына жақын жатыр. Жергілікті халық ол кесірткелерді «айдаһар» деп атайды. Адам жегіш алып кесірткелер туралы аңыздар туристерге өте тартымды. Бірақ ол жерге әуежай салып, адам тұрақтандыру, біріншіден, адамдарға қауіпті, екіншіден, тұмса табиғатқа обал. Сондықтан Комодо варандарын іздеп келген халықтың тұрақтайтын орны Лабуан-Баджо болу керек деген шешім қабылданған.

Инфрақұрылымға салған ақша біртіндеп нәтиже бере бастады деуге болады. Кейінгі 5 жылда 10 мың тұрғыны бар қалаға 1 миллионнан астам турист келген. 2023 жылдың өзінде ғана қалаға 351 мың турист келіп кетіпті. Биыл турист санын 500 мың адамға жеткізсек деген мақсат бар.

Индонезия
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Әзірге туристер Лабуан-Баджоға Жақарта, Денсапар, Купанг, Матарам және Бали әуежайларынан ұшып келе алады. Жыл аяғына дейін Малайзия Астанасы Куала-Лумпурдан тікелей рейс ашылмақ. Қазір қазақстандықтар жол шығынын барынша үнемдеу үшін Балиге де Алматыдан Куала-Лумпур арқылы қатынап жүргенін айта кету керек.

«Комодо аралы Ұлттық саябақтың құрамына кіреді. Ол саябақтың ішінде әйгілі қызғылт жағажай да бар. Сонымен бірге суы шипалы үңгіркөл мен мұхит қашаған музей-жартас бар. Өкінішке қарай, Лабуан-Баджода қонақүй бизнесі баяу дамып жатыр. Мұнда келген адамдардың көбі қайықта, аралдарда түнеуді әдетке айналдырған. Туристер бұл аймаққа сәуір-тамыз аралығында көп келеді. Бұл кезде жергілікті бюджеттің 70 пайызы туризмнен түседі. Кейінгі үш жылда Лабуан-Баджоны дамытуға республика бюджетінен 10 трлн Индонезия рупиі бөлінген болса, соның 4 триллионы туризмді дамытуға бағытталды», - дейді Юлианус Венг.

Сөз арасында регенттік өкілі Қазақстаннан Лабуан-Баджоға инвестиция салып, туризмді дамытуға ниетті кәсіпкерлер табылса, жан-жақты қолдауға дайын екендерін айтып қалды.

Регенттік өкілі айтқан Комодо аралы мен Қызғылт жағажайдан ақпарат тарату үшін арнайы рұқсат керек екен, яғни қолымыздағы туристік, мәдени, әлеуметтік мақсаттағы визамен ол нысандардан ресми ресурста хабар таратуға хақымыз жоқ болып шықты. Дегенмен, бұл шектеу Лабуан-Баджо халқының еңбекқорлығын, Флорес аралының таңғажайып табиғатын сезінуімізге кедергі бола алған жоқ. Ол енді келесі мақаланың жүгі...

Соңғы жаңалықтар