Индонезия сапары: қайықшы Дураджа
АСТАНА. KAZINFORM – Индонезияның Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырған ақпараттық саяхат маршруты Лабуан-Баджо қаласынан кейін теңіз деңгейінен 800 метр биікте жатқан елді мекенге бұрылды.

Тау иығындағы этноауыл
Қаладан шығып бір сағаттай жүргенде алдымыздан жасыл орманға оранған асулар шыға бастады. Біртіндеп ол асулар тауға ұласты. Көлік тізгініндегі жергілікті жігіт ол тауды өздері Мело деп атайтынын айтты. Иығындағы ауыл да таудың атын алған.

Тау иығына дейін шиырлай салынған асфальтті жол тым тар көрінгенімен, көлік сирек жүретінін аңғардық. Тіпті кейбір көлік аялдауға арналған тұстарына жергілікті шаруалар жүгері жайып кептіретінін көрдік.

Этноауыл Мело ауылының ең биік тұсынан орын теуіпті. Төбесіне қамыстан шатыр төселген, төрт қабырғасы тақтайдан құралған үйлер этнографиялық базар сөрелерін еске салады. Расымен де мұндағы көрнекіліктің бәрі сатылатын болып шықты. Келушілер жергілікті халықтың ұлттық киімін киіп, таудың бедерінде суретке түсу үшін де кісі басына 50 мың индонезия рупиін (1300 теңге) төлейді.



Өзін этноауылдың ақсақалымын деп таныстырған қария 86 жыл бойы Мелодан табан аудармағанын айтады. Бұған дейін елшілік қызметкерлері Индонезиядағы 17 мыңнан астам аралдың әрқайсысында өз салты бар екенін, арасында қазақтар сияқты жеті ата қуып, жылқы етін жейтіндері де кездесетінін айтқан. Соны нақтылағымыз келіп, қарияны біраз әңгімеге тартып көрдік. Жапонияның отарынан тәуелсіздік алған кезден есінде не қалғанын да сұрадық. Бірақ ол шежіре мен тарихқа келгенде көсіліп кете алмай, кібіртіктей берді. Ал бала-шағасы жайында сұрап едік, 5 баладан 16 немере сүйіп отырғанын айтып, жүзі жайнап сала берді.

«Мен ес білген кезден бері мұнда соғыс болып көрген жоқ. Үлкендер 1900 жылдары маңайдағы ауылдар жерге таласып бір-бірін шапқанын айтып отыратын», - деді қария.
600-ге жуық тұрғыны бар Мело ауылына да интернет, жол, ұялы байланыс сияқты игіліктер Лабуан-Баджо туризм аймағының мәртебесін алған кезде жеткен екен. Индонезияның екі ірі банкі ауылға жеңілдікпен несие бөліп, этноауыл сол қаражат есебінен құрылыпты.

Мұхит қашаған табиғи музей
Этноауылдан қайта қалаға, Бату Чермин саябағына кірдік. Бұл сөздің индонезия тіліндегі мағынасы «айнатас» дегенді білдіреді екен. Биіктігі бірнеше қабатты үймен шамалас бамбук орманын тас соқпақ қақ жарып өтіп, бізді алып жартасқа жеткізді.

Жүсіп Пауль есімді гид нысанды Теодор Верхувен дейтін археолог, католик миссионер 1951 жылы тапқанын айтады. Оған дейін бамбук орманының арасында елеусіз тұрған. Биіктігі 50 метрден асатын алып жартастың сырты тұтас көрінгенімен ішінде бірнеше бөлмеге бөлінген үңгір бар болып шықты. Археологтер үңгірдің ішкі қабырғасы әк екенін негізге алып, жартастың мыңдаған жылдар бойы мұхит астында жатқанын анықтаған. Кейін су қайтқан кезде бар жұмбағын ішіне бүккен үңгірге айналған.


Үңгірдің әр бөлігінен бірде еңбектеп, бірде жүрелеп өтуге тура келді. Жартастың ішіне бойлаған сайын қараңғы қоюланып, әр бұрыштан жарқанаттар үркіп ұша бастады. Бір кезде Жүсіп Пауль әк қабырғадағы алып қара өрмекшіні көрсетіп, жергілікті халық мұндай тылсым жерді мекен ететін жәндіктерді қасиетті деп есептейтінін айтты.


Ғасырлар бойы Үнді мұхитының тұзды суы мүжіген жартастың ішіндегі ауа қышқыл исімен қолқаны теседі. Ауасы тымырсық, жолы бұралаң үңгірдің шығар қуысына қара тер болып жеттік. Бізден кейін де бірнеше турист бастарына каска киіп үңгірге беттеп бара жатты.

Біз жартасқа түс ауа келгенбіз. Саябақтың сырын білетіндер мұнда таң қылаң бере келетін көрінеді.
«Күннің алғашқы сәулесі жартас ішіндегі үңгірдің әк қабырғасына түскен кезде «айнатас» деген атаудың қалай шыққанын түсінесіз», - деді Жүсіп Пауль.
Үңгіркөл
Тағы да Лабуан-Баджодан шығып, 1,5 сағаттай жүрдік. Бағытымыз – Рангко Кейв дейтін үңгіркөл. Үңгірмен аттас ауылға келгенімізде доп ойнап жүрген бір топ бала қарсы алды.


Жалпы, Лабуан-Баджо халқының негізгі бөлігі католик болғанымен, буддизм мен исламды ұстанатындар да баршылық екен. Мұхит жағасындағы іркес-тіркес тұрған бірнеше үйдің ауласын кесіп өткенде алдымыздан шағын ғана қоршаусыз мұсылман зираты шықты. Зиратты айналып өтіп жалдамалы қайыққа міндік.

Ағаштан құрсауланған ескі қайыққа моторды кейін орнатқаны көзге бірден көрінеді. Мотордың күші жағаға ұрған толқындарға жетпесе керек, егде тартқан тақиялы ер адам 10 адам отырған қайықты бамбук сырықпен демеп жүріп айдынға шығарды.


Осыдан кейін барып қайық тізгініндегі бозбала мен қария орын ауыстырды. Қайықшыларды әңгімеге тартқан кезде біздің қария деп отырғанымыз 50-ден енді асқан адам екенін білдік. Есімі – Дураджа. Аудармашы бұл жақта кейбір адамдардың тегі болмайтынын, құжатта да жалғыз есімі жазылатынын түсіндірді.
«Лабуан-Баджо қалашығында туғанмын. Ал осы ауылға 1991 жылы көшіп келдім. Бұл аймақта туризм дами бастағанға дейін балық аулап күнелттік. Қазір меншігімде 6 моторлы қайық бар. Өз балаларымнан бөлек ауылдың жастарын жұмыспен қамтып отырмын. Келген туристерді үңгіркөлге қайықпен жеткізгеніміз үшін ақы аламыз. Жасым елуден енді асты. Құдай денсаулық берсе, бұл кәсіптен қол үзгім келмейді. Зейнетке шығуды, кәсіпті жастарға тапсыруды ойлайтын мұрша жоқ», - дейді қайықшы Дураджа.
Бұл кәсібі жергілікті өлшеммен алғанда аса табысты екенін айтады. Соған қарамастан балықшылық пен малдан қол үзбепті. Турист азайған кезде қаңтарылған қайықтарды балыққа жұмсайды екен.
«Басында турист тасымалдауға көшпей тұрып, күн сайын неше саяхатшы келетінін зерттеп көрдік. Уақыт өткен сайын келушілер көбейіп жатыр. Қалыпты күндері көмекшім екеуміз ғана үңгіркөлге 9-10 рет қатынаймыз. Ал маусым қызған кезде алты қайығымның бәрі 10 рет қатынайды. Орта есеппен айына 20 млн рупий (555 мың теңге) табамын. Құдайға шүкір, әулетімді асырауға толық жетеді. Бұл кәсіп балықшылыққа қарағанда оңай. Тек келген туристерге таласып қалатынымыз бар. Бәсекелестерім «Елдің бәрі неге сенің қайығыңа үйір болып тұрады?» деп сөз шығарады. Одан басқа қиындық жоқ», - деді ол.

Үңгіркөл дегеніміз мұхит жағасындағы жынысты орманның ішінен орын тепкен көлшік екен. Жағадан үңгірге жетер жолда ну орманның арасынан бізбен қатарласып жүгірген маймылдардың сыбдыры естілді. Қайықшы Дураджа олардың ұялы телефон мен көзілдірік сияқты жылтырақ дүниеге әуес екенін айтып сақ болуды ескерткен.

Аузын қалың орман қалқалап тұрғандықтан алыстан қараған адам үңгір бар екенін түсініп болмайды. Түстен кейінгі 3 сағаттың көлемінде күн үңгірдің аузына туралай түседі. Осы кезде қараңғы үңгірдің іші сан түрлі бояуға еніп, көлшіктің көркін ашады. Судың тереңдігі 8 метрден сәл асады. Сондықтан жол бастаушымыз суға шомылғысы келгендерге сақтық кеудешесін таратып шықты.


Біз үңгіркөлден ауылға жеткенде қараңғы қоюлана бастаған. Ауылдың орта тұсынан азан даусы естілді. Қайықшы Дураджа намаз уақыты болғанына қарамастан біз көлікпен ұзап кеткенімізше қол бұлғап тұрды. Үңгіркөлге келушілердің бәрі Дураджаның қайығын таңдауына осы бір еңбекқорлығы мен қонақжайлығы себепкер шығар деп ой түйдік.

Лабуан-Баджо туризм аймағы атанып, инфрақұрылым тартылғаннан бері кәсіппен айналысатын адамдардың төлейтін салығы да бірнеше есе артыпты. Бірақ Дураджа ол салықты ризалықпен төлейтінін айтты. Өйткені, салық есебінен тартылып жатқан инфрақұрылым келетін туристердің санын арттырып жатыр. Ал балықшылық пен малдан басқа табыс көзі болмаған арал халқы үшін турист деген табыстың негізгі көзіне айналған.
Лабуан Баджоның басты ерекшелігі - жағажайларының тынықтығы, яғни мұхит толқыны тереңге тартып кетеді дейтіндей қауіп жоқ. Тағы бір артықшылығы – суының тұнықтығы. Тіпті қайықпен мұхит ортасына барғанның өзінде астындағы балықтарды айқын көруге болады. Мұның өзі туристер үшін сауықтың бір түріне айналған. Ол үшін жағадан алыстап барып сүңгуірдің маскасымен тереңге бойлап балықтар әлемін тамашалайтын арнайы орындар ұйымдастырылған. Соның бәріне қанығып, Лабуан-Баджоның да туристер үшін жұмақ мекенге айналатына көз жеткізгендей болдық. Алда бізді әйгілі Бали күтіп тұр...
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Индонезияның Қазақстандағы елшілігі бірнеше БАҚ өкілі мен кино мамандарының, Бали аралында кәсіппен айналысып жүрген қазақстандықтардың басын қосып, ақпараттық саяхат ұйымдастырды. Делегация құрамында Kazinform тілшісі Есімжан Нақтыбай да бар. Сапардан жазылған алғашқы материалды мына жерден оқи аласыз.